Жамбыл облысында еліміздегі екінші ірі құс етін өңдеу зауыты іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 70 мың тонна болатын бұл ауқымды жобаны «Алель Агро» акционерлік қоғамы 19,8 млрд теңге инвестиция құю арқылы табысты жүзеге асырды.

Салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, кәсіпорын өкілдері, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.

Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өңдеуді тереңдету және қайта өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.

Ербол Қарашөкеев құттықтау сөзінде Жамбыл облысының агросекторында жаңа кезең басталғанын атап өтіп, барлық атқарылып жатқан жұмыстар тұрғындардың игілігіне бағытталғанын жеткізді.

Зауытта әлемдік жетекші компаниялардың заманауи жабдықтары орнатылған, барлық технологиялық үдерістер халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға және өндірістік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы – құс шаруашылығы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Негізгі бағыты – бройлер тұқымды құстардың етін өндіру және қайта өңдеу. Компания толық өндірістік циклді жүзеге асырады: балапандарды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдерінің барлығын қамтиды.

Кәсіпорынның қазіргі қуаты – жылына 10 мың құс еті. Қазіргі таңда зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайту және тиімділікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды, өндірістік инфрақұрылымды енгізіп келеді.

«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы 2019 жылы жұмысын бастады. 2020 жылы – жылына 10 мың тонна өнім өндіретін ет өңдеу кешені ашылды.

2021 жылы – қуаты 10 мың тонна болатын екі бройлер құс фабрикасы, ал 2022 жылы – жылына 84 мың тонна құрамажем өндіретін зауыт іске қосылды.

2023 жылы – жылына 13,5 млн тәуліктік балапан шығаратын заманауи инкубатор пайдалануға берілді.
Биыл жыл соңына дейін қуаты 4 600 тонна болатын үшінші бройлер фабрикасының іске қосылуы жоспарлануда. Сондай-ақ жалпы қуаты 26 мың тонна болатын екі жаңа фабриканың құрылысы басталады. 2028 жылы тағы екі фабриканың құрылысы қолға алынып, сол жылдың соңына қарай кәсіпорынның жалпы жылдық қуаты 69 мың тонна құс етіне жетеді. Бұл облыстағы құс еті өндірісін екі есеге арттыруға жол ашады.

Айта кетейік, өңірде құс шаруашылығы бағытында үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Оның екеуі – құс етін өндіру («Әулие-Ата Феникс» ЖШС, «Алель-Агро» АҚ Жамбыл филиалы), біреуі – жұмыртқа өндіру («Аса-Даму» ЖШС).

2025 жылдың 9 айында облыстан 3 327,4 тонна ет және 421 тонна шұжық өнімдері экспортталды. Оның ішінде: құс еті – 1 721,5 тонна, сиыр еті – 675,1 тонна, қой еті – 1 188,7 тонна, жылқы еті – 0,3 тонна, малдың ішкі өнімдері – 760,9 тонна.

Өнімдер Қырғызстан, Қатар, Кувейт, БАӘ, Ресей, Сауд Арабиясы, Иран және Германия елдеріне шығарылды.