Мұндай микросекундтық өзгерістер аса үлкен қауіп тудырмағанымен, жоғары дәлдікті қажет ететін технологиялық жүйелер мен уақыт синхрондауы салаларына әсер етуі ықтимал. Ғалымдар бұл құбылыстың себептерін нақтылау үшін қосымша зерттеулер жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл мәліметтерді Халықаралық Жер айналысы және координаттық жүйелер қызметі (IERS) тіркеген, деп жазады timeanddate.com. IERS Жердің ғарыштағы орнын бақылайды және секундтық түзетулерді (leap second) реттейді. Бұл түзетулер астрономиялық уақыт пен нақты уақыт арасындағы сәйкестікті сақтау үшін енгізіледі – әсіресе Жер баяу айналғанда.
9 шілдеде де күн аздап қысқарды – шамамен 1,3 миллисекундқа. Бірақ көп адам мұны сезбеген болуы мүмкін. Ал ең қысқа күн 2024 жылғы 5 шілдеде тіркелген – ол кезде күн 1,66 миллисекундқа қысқа болған. Бұл – атомдық сағат қолданысқа енгізілгелі бергі рекорд.
«Біз айтып отырған айырмашылық – небәрі 1 миллисекунд. Мұны адам байқамайды», – дейді Калифорния университетінің Скриппс мұхиттану институтының геофизигі Дункан Агнью.
Бірақ мұндай аздаған өзгерістердің өзі GPS сияқты технологиялар үшін маңызды, өйткені дәлдік өте жоғары болуы тиіс.
Жер неге жылдамырақ айнала бастады?
Күннің қысқаруы жаз мезгілінде жиі кездеседі, өйткені бұл кезде Жердің айналу жылдамдығы арта түседі. Бұған қоса, Айдың тартылысы мен Жер өзегіндегі белгісіз процестер де ықпал етуі мүмкін.
Жазда Жердің солтүстік жартышары Күнге қарай көбірек еңкейеді, сол себепті экватор мен полюстер арасындағы температура айырмашылығы азаяды. Бұл жоғарыдағы реактивті ағынның (jet stream) баяулауына себеп болады – шамамен 9 шақырым биіктікте соғатын күшті жел. Ағынның баяулауы оның солтүстікке жылжуына ықпал етеді. (Сол себепті жазда дауылдар да баяу қозғалады.)
Физика заңдары бойынша, жүйенің жалпы бұрыштық импульсі сақталады. Сондықтан атмосфера баяулағанда, Жердің айналу жылдамдығы арта түседі.
Бірақ кей күндер басқалардан да қысқа болады – мұнда Айдың орбитасы үлкен рөл атқарады. Ай Жердің экваторына дәл келіп айналмайды – ол шамамен 28 градус еңкеюмен қозғалады. Ай әр айда екі рет экваторды кесіп өтеді және солтүстік пен оңтүстік ендіктерде биік немесе төмен орналасады. Айдың ең шеткі ендіктерге жететін кезеңі әр 18,6 жыл сайын болады. Қазір 2024–2025 жылдары осы құбылыс – айлық шеткі нүкте (lunar standstill) кезеңі жүріп жатыр. 22 шілде мен 5 тамызда Ай Жерге қатысты ең тік бұрышта болады – бұл Жердің жылдамырақ айналуына әсер етеді.
«Ай солтүстікке не оңтүстікке ығысқан кезде, Жер екі аптада бір рет жылдамырақ айналады», – дейді Агнью.
GPS және уақыт синхрондауы неге зардап шегуі мүмкін?
GPS жүйелері жерсеріктен келетін сигналдардың дәл уақытына сүйенеді. Егер Жер күтпеген жылдамдықпен айналса, сигнал келу уақыты өзгеріп, қате координаталар пайда болуы мүмкін.
Жердің айналу жылдамдығы оның бүкіл тарихында өзгеріп тұрған. Мысалы, Жер алғаш пайда болғанда, әрі Ай оған әлдеқайда жақын болғанда, тәуліктің ұзақтығы бар болғаны 19 сағат болған. Мұндай күндер шамамен 1 миллиард жылға созылған. Уақыт өте келе, Ай Жерден алыстап, бүгінгі тәуліктеріміз адамзат тарихындағы ең ұзақ күндерге айналды.
«Жердің өмірінде шамамен триллион тәулік болған болса, соның басым бөлігі қысқалау болған. Жуық есеппен, ұзақ күндер бар болғаны 100 мыңдай ғана. Және олар — ең соңғы кезеңге тиесілі», – деді Агнью.
Болашақта не болады?
1955 жылдан бастап атомдық сағаттардың көмегімен уақыт аса жоғары дәлдікпен өлшеніп келеді. 1972 жылдан бері Жердің баяулауына байланысты UTC-ге 27 рет қосымша секунда енгізілген. Алайда 2016 жылдан бері мұндай түзету қажет болмады, себебі Жер қайта жылдам айнала бастады.
Қазір ғалымдар тарихта алғаш рет қосымша секунд қосудың орнына, керісінше – секундты алып тастау мәселесін қарастырып отыр. Бұл технологиялық жүйелер үшін Y2K проблемасына ұқсас қауіп туғызуы мүмкін.
Айта кету керек, ғаламдық жылыну – яғни мұздықтардың еруі мен мұхит деңгейінің көтерілуі – Жердің айналу жылдамдығын тежейтін факторлардың бірі. Егер бұл болмағанда, бір секундты алып тастау уақыты әлдеқашан жетер еді дейді сарапшылар.
Алайда ұзақ мерзімді болжау әзірге мүмкін емес: ғалымдар Жердің айналу жылдамдығын тек бір жыл алға ғана дәл болжай алады.
https://jambylinfo.kz/alemde/nege-ua-yt-tez-tip-zhatyr-alymdar-zhauabyn-aytty
istockphoto.com