Энергетик ішемін деп есінен танып қалыпты. Сарыағашта бір жігіт энергетикалық сусын ішемін деп талып түскен. Тіпті үйіне жете алмай жол жиегінде жатқан оны полицейлер көріп, дер кезінде ауруханаға жеткізген көрінеді. Сарыағашта тұрса табиғи таза Сарыағаш суын ішпей ме екен?
Дәл осындай жағдай былтыр танысымның басынан да өтті. Жазды күні шөл мен шаршағанды басамын деп күнұзаққа 2-3 Redbull-ды төңкеріп тастапты. Түнде үйіне қайтып келе жатып тағы біреуін сіміре салған. Сол сәтте көзім қарауытып, жүрегім тарсылдап, аяқ-қолым ұйып кетті дейді. Дереу көлігін жол жиегіне тоқтатып, жедел-жәрдем шақыртыпты. Дәрігерлер дер кезінде жетіп, система салып, таңға жуық үйіне әрең оралыпты. Содан бері энергетикалық сусын ішуді доғардым деп жүр.
Елге ақыл айтып нем бар. Горилла, Тассай, Редбул, Диззи деген пәлелерді өзім де ішемін. Бірақ күнде емес. Шаршағанда, ұзақ жолға шыққанда сіміріп алатыным бар. Байқағаным, энергетикті аш қарынға ішсең әлсіретіп жібереді. Расымен жүрегің қағып, лоқсып, өзіңді жайсыз сезінесің. Бірақ қазір таңатпай қолына горилла құшақтаған жастарды көп кездестіремін. Шамасы түнімен қыдырып, таңертең ұйқысын ашу үшін ішетін сияқты. Бірақ бұл өте қауіпті. Сондықтан бұл сусынды да жөнімен, шегімен ішу керек. Ләж болса ішпеген абзал. Бірақ бір дәмін алсаң, тартып тұрады. Есірткі сияқты бірдемесі бар шығар құрамында???
Диас Нұрақын