Күздің бір күні – жылға азық

29

Күз мезгілі- жиын-терін жұмыстарының қызатын шағы. Себебі, шаруалар ала жаздай төккен терінің жемісін осы мезгілде жинайтыны белгілі. Мәселен, Қордай ауданында қазір пияз жинау науқаны басталып, аяқталуға жақын.

Аудан аумағындағы шаруалар үшін пияз өсіру дәстүрлі кәсіпке айналған.  Бұл осы пайдалы өнімге деген сұраныстың көптігіне байланысты деуге болады. Осы ретте біз өнім жинау үстіндегі Степное ауылдық округіне арнайы барып, шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Соның бірі – пияз өнімімен айналысып келе жатқан шаруагер Ибрагим НУНУ.

«Шаруа қожалығымда 60 гектар жер бар. Алқапқа тамшылатып суару әдісін қолдану арқасында өнім де нәтижесін беріп отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшыларымыз жүзден асып кетеді. Одан бөлек, 4 бірлік ауылшаруашылығына қажетті техникаларымыз бар. Биыл гектарына 70-80 тоннадан өнім алудамыз»,-дейді ол.

Шаруашылық басшысының айтуынша, жұмысшылардың жалақысы төккен  теріне қарай төленеді, аянбай еңбек етсең алатын ақың да қомақты болмақ. Жергілікті жүз адамды жұмыспен қамтып отырған оның шаруа қожалығы биылғы көрсеткішпен тоқтап қалмай, алдағы жылы егістік алқабының көлемін ұлғайтуға ниетті.

«Мен маусымдық жұмыстарға жылда қатысамын. Себебі, біз сияқты жұмыссыз ауыл тұрғындары үшін бұл өте тиімді. Аз уақыт болса да еңбек етіп, ақысын аламыз. Шаруашылық тарапынан жұмысшылардың өнімді еңбек етулері үшін барлығы қарастырылған. Таңғы сағат 5-тен түн ауғанша еңбек етудеміз. Алқап көлемді болғандықтан жүзден аса жұмыскер отбасының нәпақасын табу мақсатымен қызу еңбекке кіріскен. Бір айта кететін жайт – алқапта жұмысшылардың шын көңілімен еңбек еткені көрінеді. Қазіргі нәтижеге тоқталар болсам, бізге жоғары сұраныс пен тұрақты жұмыс күшінің арқасында мол өнім терілуде. Маусымдық жұмыстар кезінде әріптестеріміздің саны көбейіп келеді», — дейді жұмысшылар тобының бригадирі Тұрдыгүл Дәулетбаева.

Пияз өсірудің жоғары көлемі аймақ экономикасына да оң әсерін тигізуде. Нарықтағы сұраныстың тұрақтылығы және ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарының пайда болуы – барлығы да күзгі жиын-терінде көрініс табады.

Шолпан САБАНОВА, Қордай ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.