Рақымшылық аясында бірқатар азамат бостандыққа шықты
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына биыл 30 жыл толуына орай, елімізде жарияланған амнистия аясында Жамбыл облысындағы №58 Республикалық мемлекеттік мекемеден бірқатар азаматтар бостандыққа шықты.
Атап айтқанда, 2025 жылғы дәл бүгінгі күнге дейін мекемеден 19 адам амнистия негізінде еркіндікке жіберілді. Бұған қоса, 2025 жылы 12 тамызда тағы 2 адам босатылды.
Амнистия рәсімі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, сондай-ақ сот шешімдеріне сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылды. Бостандыққа шыққан азаматтар жазасының өтелмеген бөлігінен заң аясында босатылып, қоғамға қайта бейімделу мүмкіндігіне ие болды.
Бұл шара – Конституцияның 30 жылдығына арналған ізгілік пен мейірімділік қағидаттарын жүзеге асырудың бір көрінісі. Амнистияның басты мақсаты – түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға екінші мүмкіндік беру, олардың қоғамға қайта қосылып, заңға бағынатын толыққанды азамат болып өмір сүруіне жағдай жасау.
Бостандыққа шыққандарға әлеуметтік бейімдеу, тұрмыстық және құқықтық қолдау көрсету бағытында тиісті мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар тарапынан көмек көрсетіледі.