Халық қалаулылары Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды

776

Апта аралығында облысымызға Қазақстан Республикасы Парламенті қос палатасының депутаттары жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысымен танысуда. Халық қалаулылары осы мақсатта бірқатар мемлекеттік мекемелер мен бизнес құрылымдарын аралады. Сонымен қатар жұртшы­лық­пен жүздесіп, Елбасының «Президенттің бес әлеу­меттік бастамасы» атты Үндеуінен туындайтын міндет­тер туралы ой-пікір алмасты.
Ең әуелі өңірге Парламент Сенатының депу­тат­тары Мұратбай Жолдасбаев пен Абдалы Нұралиев ат басын бұрды. Сенаторлар алғашқы кезекте Меркі ауданында болып, өңірдегі іргелі агроқұрылымдардың бірі – «Сыпатай батыр» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Жылда қызылша шаруашылығының көркін қыздырып отырған серіктестік биыл 300 гектарға тәтті түбір еккен екен. Бұған дейін қызылша алқабын арық суымен суғарып келген шаруашылық үстіміздегі жылы су үнемдеу технологиясын енгізіпті. Меркі ауданындағы бірқатар фермерлердің жұмысын көзбен көрген депутаттар келесі кезекте Т.Рысқұлов ауданындағы «Сүйін» шаруа қожалығына аялдады. Шаруашылық бүгінде 100-ден астам ірі қара малды үй жағдайында бордақылап, етін аудан орталығы мен Алматы қаласына жөнелтуде. Есесіне онға жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
Сенат депутаттары аудандағы 150 орын­дық «Аяна» балабақшасында да болды. Мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесінде бүлдіршіндер үшін барлық жағдай жасалған. Халық қалау­лы­лары мұнда тәрбиешілермен тілдесіп, еліміздің стратегиялық мақсаттары, Елбасы саясатының жемісі туралы пікірлерімен бөлісті. Мекеме қызметкерлерінің де ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді. Сондай-ақ, сенаторлар «Шәушен» шаруа қожалығының мал сою, етті тоңазытып сақтау кешенінің де жұмысына назар аударды. Шаруаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан демеудің аз емес екенін тілге тиек ете келе, саланы серпілтуге бағытталған бағдарламалардан шет қалмауға шақырды. Жұмыс сапарының келесі күні депутаттар Талас, Жуалы аудандарында болып, бірқатар нысандардың тыныс-тіршілігіне көңіл бөлді.
Ал, өткен аптаның жұма күні халық қалаулылары Тараз қаласына табан тіреп, «Қазфосфат» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің филиалы – «Минералды тыңайтқыштар» зауытындағы қауырт жұмысқа қанықты.
Ауыл шаруашылығы үшін минералды тыңайт­қыш­тар, азықтық фторсызданған фосфаттар, фос­форлы-азотты тыңайтқыштар – аммофос 10/46 өнімін шығаратын зауыттың тіршілігі тың, шаруасы ширақ. Негізгі өнімімен ішкі нарықта саудасын дөңгелетіп отыр. Бұған қоса тыңайтқыштар Қытай, Украина, Белоруссия, Өзбекстан мен Тәжікстанға экспортталады. Ауғанстан, Қырғыз Республикасы, Румыния, Чехия, Болгария, Иранның фосфорлы тыңайтқыштар нарығын игеру үшін де тиімді жұмыстар атқарылу­да. Зауыт жыл сайын тұрақты тұтыну­шы­ларына 300 мың тонна тыңайтқыш жөнелтіп отыр. Дегенмен, өндіріс орнының қуаты мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда жүріп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталғанда зауыт жылына 500 мың тоннаға дейін тыңайтқыш өндірмек. Сәтін салса, жаңғырту жұмысы ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады деп күтілуде.
– Өнімдеріміз тек ел аумағында ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерге де шығарылуда. Сұраныс өте жоғары. Өнімнің сапасы да тұтынушылардың көңілінен шығуда, – деді зауыт директоры Төлепбек Исаев.
Халық қалаулылары өндіріс орнындағы өнеркәсіптік-санитарлық зертхананың жұмысымен де жан-жақты танысты. Жетекші инженер-эколог Әділ Тілеубаевтың айтуынша, өнім өндіру кезінде қоршаған ортаны қорғауға бағытталған сақтық шаралары барынша қамтамасыз етілген. Мәселен, зауыт 1 795 тонна өнім шығарарда 800-900 тоннадай залалды қалдықтар бөлетін көрінеді. Техникалық бақылау бөлімінің меңгерушісі Гүлбану Ақмырзаева депутаттарға дайын өнімнің сапасы қалай анықталатынын түсіндіріп берді.

Өндіріс орнын толықтай аралап шыққан халық қалаулылары зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегін жоғары бағалап, тындырымды тірліктеріне толайым табыс тіледі.
Ал,осы аптада «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков облысқа іссапармен келді.
Халық қалаулылары ең алдымен Байзақ ауданы, Талас ауылындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінде болды. Кәсіпорын қазіргі таңда ірімшік, сүзбе, айран, қаймақ, сары май сынды сүт өнімдерінің алуан түрін өндіріп, тауарлары халықтың үлкен сұранысына ие болуда. Оған дәлел, өнімдер Тараз қаласынан бөлек, Алматы және Шымкент шаһарларына да тасымалдануда.
Жеке кәсіпкер Владимир Ильич басқаратын өндіріс орны бүгінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» «Шағын несие беруді көбейту» бағыты бойынша 18 миллион теңге несие алып, сүт өңдейтін цехтың қуаттылығын арттыра түскен. Цех 2011 жылы тәулігіне 1 тонна, 2012 жылы 2 тонна, 2013 жылы 4 тонна сүтті қайта өңдеген болатын. Ал, қосымша құрал-жабдықтар сатып алумен қазіргі таңда тәулігіне 14 тонна сүт өндеу мүмкіндігіне ие болып отыр. Осы орайда, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» аймақта орындалу барысы туралы мәліметтермен бөлісті.
Мұнан кейін мәжілісмендер Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің жатақханасына бет алды. Мұндағы жұмыстармен таныстырған университеттің тәрбие және стратегиялық дамыту жөніндегі проректоры Санат Әшірбеков болашақта ғимараттың 400 орындық «Студенттер үйіне» айналатынын жеткізді. Жатақхананы аралап көрген депутаттар мұның өте орынды шешім екенін айтып, университеттің бастамаларына табыс тіледі.
Келесі кезекте қонақтар Тараз қаласындағы №15 ықшамаудандағы тұрғын үй құрылысы жұмыстарының қалай орындалып жатқанын көрді. Мұнда жыл соңына дейін 10 үй пайдалануға беріліп, 800 отбасы баспанамен қамтылмақ. Осы ретте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев алдағы уақытта «7-20-25» бағдарламасы бойынша бір орталық ашу керектігін ұсынды. Себебі, баспана алуға ниеттілер жан-жаққа сандалмай-ақ, сол орталықтан барлық мәліметке қаныға алатынын айтты. Осы секілді өзге де бірқатар ұсыныстарға құлақ түрген мәжілісмендер Парламентте бұл мәселелерді көтеретіндіктерін жеткізді.
Бүгінде облыста шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. Бұған мемлекеттік қолдау тетіктері оң септігін тигізуде. Мысалы, «Brilliant» сән салонын ашқан Тұрсынай Байғабылова мемлекеттік бағдарлама арқылы төмен пайызбен 14 миллион теңге несие алып, тұрғындарға түрлі қызметтер ұсынуда. Халық қалаулылары жас кәсіпкердің талабына ризашылығын білдіріп, мұндай азаматтардың ісі көпке үлгі екенін баса айтты.
«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық Қоғамдық кеңестің мүшелерінің жұмыс сапары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен жиында қорытын­дыланды. Басқосуда «Президенттің бес әлеуметтік бастама­сының» аймақта жүзеге асырылу барысы туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков баяндама жасады. Облыс әкімдігіне қарасты бірқатар басқармалардың басшылары да өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
Басқосуды түйіндеген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық Қоғамдық кеңестің мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» өңірдегі орындалу барысына оң бағасын беріп, әлі де жұмысты жандандыра түсу мақсатында өзінің бірқатар ұсыныстарын айтты.
Ал, кеше облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамымен кездесті. Басқосу барысында құқық қорғау саласына қатысты соңғы өзгерістер талқыланды. Сонымен қатар, жамбылдық тәртіп сақшылары тарапынан жіберілген бірқатар кемшіліктер өткір сынға алынып, олқылықтардың орнын толтыру міндеттелді.
Кездесу соңында қатысушылар тарапынан заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді.
Бұдан кейін Бектас Бекназаров Тараз қаласындағы Құқық қорғау қызметі орталығына ат басын бұрып, ондағы жұмыспен жете танысты. Бұл орталықта тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалған. Прокурор, адвокат, медиатор, Әділет департаментінің өкілі секілді құқық қорғау саласының мамандары кез келген азаматтың түйінді мәселесінің шешімін табуға көмектеседі. Тіпті, мұнда күту залынан бөлек, балаларды ойнататын арнайы орын да қарастырылған.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен де танысқан Бектас Әбдіханұлы іссапарын Байзақ ауданындағы бірқатар шаруа қожалықтары мен құрылыс жүргізіліп жатқан нысандарды аралаумен жалғас­тырды.
Ал, түс ауа Сенат Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров пен сенатор Абдалы Нұралиев облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен кездесті.
Басқосуда Жоғарғы палата Төрағасының орынбасары Жамбыл жеріндегі үш күндік жұмыс жоспарымен таныстырып, облысқа Асқар Исабекұлы басшылық қызметке келгелі бері Тараз қаласының айтарлықтай өзгергенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, кеше Мәжіліс депутаттары Нұрлан Дулатбеков, Зәуреш Аманжолова және Бақытгүл Хаменова Жамбыл ауданында жұмыс сапарымен болды. Мұнда халық қалаулылары «Айша бибі» орта мектебінің ұжымымен кездесіп, «Супер-Фарм» ЖШС-ның бір реттік медициналық бұйымдар өндіру зауытының жұмысын көзбен көрді. «Азамат», «Бірлік» және «Сады Востока» шаруа қожалықтарын аралап, еңбеккерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Парламент депутаттарының жұмыс сапары аудандарда жалғасын табатын болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.