Құралай сұлу

668

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын құруға бастама жасады. Осы орайда ҚР Ұлттық музейінің «Киелі Қазақстан» орталығы Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі нысандарының тізімін анықтады.

Бұл қазақ халқының жадында өшпес құндылық болатын және ұлттық бірлік пен өркендеу нышаны ретінде танылатын ерекше қастерлі табиғи және мәдени мұра ескерткіштері.

Киелі ескерткіштер ретінде «қасиетті» таулар, үңгірлер, өзендер, шатқалдар, ежелгі қалашықтар, ерекше табиғи құбылыс орындары, рулық ғибадатханалар, қорғандар мен жерлеу орындары, діни ғибадат нысандары, тарихи шайқас және ерлік ордалары, ұлы адамдар мен әулиелердің өмір сүрген жерлері, кесенелер, ғибадатханалар және өзге де табиғи мәдени, тарихи мұра ескерткіштері бар табиғи-ландшафтық нысандар жатады. Соның бірі — киелі Мойынқұмның Кіші Қамқалы ауылының маңында, Шу өзенінің үлкен арнасы өтетін өңірдің Бетпақдаламен шектесер тұсында орналасқан Құралай сұлу кесенесі. Мұны бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Шамамен XVIII ғасырдың аяғында шикі кірпіштен қаланған кесене бүгінде тарихи маңызын жоғалтпай, осы күнге жетіп отыр.
Қазақ өлеңінің айтулы жүйрігі Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» поэмасы – исі қазақтың жүрегіне жол тапқан туынды. Желдірмелетіп кеткенде жыр жаратылысын, қара өлең құбылысын көз алдыңа келтіретін ақынның сұлулық пен бекзаттықты, тәкаппарлық пен асқақтықты, адал махаббат пен шынайы сүйіспеншілікті жырлайтын бұл шығармасы қазақ қызының ғана емес, тұтас қазақтың тағдырын өзек етеді. Қазақ пен қалмақ арасындағы бітіспес дау арқылы адамгершіліктің ақ жолын насихаттайды. Сол шығармада Құралай бейнесі асқақтай көрініп, көркемдік көкжиегімен көпті таңдандырады.
Жалпы, Жамбыл облысында үш мыңнан аса обалар мен көмбелер бар. Сондай-ақ, мыңдаған тарихи-мәдени ескерткіштер тағы бар. Мойынқұм жеріндегі Құралай сұлу кесенесі де бүгінде республикалық маңыздағы тарихи ескерткіштер тізіміне енгізілген. Дегенмен, осы бір әдеби кейіпкердің мазары осыдан аз жылдар бұрын ғана мүлде жоқ болып кетудің алдында тұрды. Егер дер кезінде кесенені қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегенде, бұл нысан, сөз жоқ, болашақ ұрпақтың есінде болмайтын да еді.
Бұл күнде Құралай сұлу кесенесі алыстан айбарланып көрінеді. Кесене Ұланбелдің қызыл тасынан қаланып тұрғызылған өз алдына биік ғимарат іспетті. Ал кесенені қайта қалап шыққан Өзбекстанның Әндіжан қаласынан арнайы шақыртылған шеберлер екен. Алдағы уақытта Құралай сұлу кесенесін туристік орталыққа айналдыру мәселесі де күн тәртібінде тұр. Өмірден өткеніне екі жарым ғасыр болса да ел есінде сақталып келе жатқан қайсар қыздың тағдыры кім-кімді де қызықтыратыны сөзсіз. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар кейіпкердің әрбір буынмен бірге жасай беретіні ақиқат.
Аңызы
Аңыз бойынша қазақтың Монтай атты әділ биі дүйім жұртқа құрметті болған. Оның кесім-бітімінсіз халық еш дауды шешпеген. Бірақ Монтайдың ұрпақсыз өмір кешуі бір ғана бидің емес, қалың жұрттың жүрегіндегі шер еді. Уақыт өте бидің тоқалы құрсақ көтеріп, Қайыргелді есімді ұл туады. Монтай бидің қуанышы бүкіл елдің қуанышына айналғанымен, бұл шаттық ұзаққа созылмайды. Жалғыз ұлдары жастай қайтыс болып, ер мен елдің көңілі жүдейді. Елі биді жұбатуға жиылғанда Монтай би бір жігіттен төрт құбыласы тең, он бір ұлы он бір ауыл болып отырған армансыз Келден жайлы естиді. Армансыз адамды көргісі келіп, арнайы байды іздеп барады. Келден бай да әділ би Монтай жайлы сырттай естіп, бір жүздесуді қалап жүрген екен. Келден ауылына барған биді қуана қарсы алып, екеуі сыр шертіседі. Сонда ел армансыз деп ойлайтын Келден батыр ешкімге айтпаған сырын, өмір бойғы арманын Монтайға айтады.
Қалмақ пен қазақ арасында сұрапыл соғыс болған жылдары аз ғана үй отырған қазақ ауылына қалмақтар шабуыл жасап, он үш жасар Келден жау соңынан қуып кетеді. Жаумен алысамын деп жүріп тұтқынға түсіп, қалмақ ханы Сейқынның тұтқынында бес жылын өткізеді. Сейқынның өзге балаларынан ең ерекшесі Құралай сұлу еді. Оның сұлулығы, мейірімділігі мен ақылдылығы күллі жұртты сүйсіндіріп, ер атаулыны ынтық еткен еді. Тіпті, ел адамдары Құралай сұлуды қыз баласы-ау демей, онымен ақылдасып, кеңесетін болған. Бір күні Сейқын хан үлкен той жасап, тұтқындардың бәрін бостауға әмір етеді. Бірақ мәселе қазақ батырына келгенде, оны алдына алып келуін бұйырады. Келден батырға хан егер қалмақ елін жау көрмей, дос тұтатын болса ғана босататындығын айтып, ант беруін талап етеді. Дұшпанға ант беруді намыс көрген Келден қарсылық танытып, қалмаққа дос болмайтындығын, өлгенше күресетіндігін айтады. Осы әрекеті үшін хан оны тағы да қамауда ұстайды. Ертесі күні таң ата батырды әлдекім түртіп оятып, босатып алады. Қараса, Құралай сұлу екен. Құралай сұлу батырға шешесінің қазақ қызы екенін, он бес жасында қалмақ қолына түсіп, Сейқын хан қазақ қызының асқан сұлулығына қызығып әйелдікке алғаны, шешесінің қалмаққа қор болып, еліне деген сағынышы мен махаббаты үшін құсамен өмір сүріп, шерменде халде дүние салғаны жайлы мұңын айтады. Шешесіне деген махаббаты мен Сейқын ханға деген өшпенділігі, қалмаққа қор болмауын өтінген анасының өсиетінің осы күнге дейін байыз таптырмағанын сөз етіп, елден бірге қашуын сұрайды. Бір-бірін сүйіп қалған жастар елден қашып, қазақ жеріне беттейді. Артындағы қалмақ қуғыншыларымен алысқан Келден оларды мерт қылып, кегін алады. Әрі қарай жандарый байыз тауып, елдеріне аттанған Келден батыр мен Құралай сұлу бір жерде дамылдап алмақ болады. Әлденеден сескеген Құралайдың бұл қопаға түспеулерін шыр-пыр болып тілегеніне болмай, Келден сол жерде тынығып алмақ болады. Суға түсуге кеткен Құралайды күтіп отырған батыр әлден соң сұлудың шыңғырған даусын естиді. Есі шығып өзенге қарай жүгірген батыр Құралайға тап берген жолбарысты көреді. Дереу жолбарысқа садақ кезеп, атып түсірген батыр сүйген сұлуын құтқарып үлгермейді. Өлім аузында жатқан Құралай батырға арманының орындалғанын айтып, батырдан әрі қаорай өмірін жалғастырып, ұрпақ өрбітуін тілейді. Сөйтіп жан тапсырған Құралай Келден ханның жете алмаған арманына айналып, әлі күнге жүрегін тыншытпайды.

Н. Тілеуқор,

Мойынқұм аудандық «Рухани жаңғыру» офисінің инспекторы

Leave A Reply

Your email address will not be published.