Мемлекет басшысының мәлімдемесі халыққа жігер берді

284
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған мәлімдемесі кейінгі күндерде естіген сүйінші жаңалықтарымыздың алды болды. Дүниежүзі дүрбелеңге салынып тұрғанда мемлекеттің қарапайым халыққа көмек көрсетуі – халықтың бойына сенім ұялатары анық. Мәлімдемеден ұққанымыздай, жуық арада зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға өспек. Ол үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылмақ. Әлбетте, бұл барша қазақстандықтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуына сәлде болса септігін тигізеді.
Президенттің мәлімдемесі аты жаман індеттің кесірінен табысынан айырылған барша халықтың жағдайын жақсартуға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталды. Сонымен қатар, табысынан айырылып, 42500 теңге көлеміндегі көмекті алатындардың санатын кеңейтуді тапсырды. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де бар. Осылайша, бұндай қаржылай көмекке еліміздегі 3 миллионға жуық азамат қол жеткізбек. Оған қоса, тұрмысқа қажетті азық-түлікпен қамтылатын тұрғындардың да санаты белгіленді. Міне, дәл осындай нақты істер арқылы мемлекет бұрын-соңды қолға алмаған шараларды жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз.
Еркін НҰРБАЕВ,
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті
ЖД-158/2 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі

Leave A Reply

Your email address will not be published.