Облыс әкімі Берік Уәли Бесқарағай ауданындағы Беген филиалына қарасты Дөңгелек орманшылығындағы өрт сөндіру станциясының ашылу рәсіміне қатысты.


Орман өрттерінің алдын алу және төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында «Семей орманы» МОТР» РММ аумағында II типті екі жаңа орман өрт сөндіру станциясы салынды. Оның бірі Бөкебай филиалының Шадруха орманшылығында, екіншісі Беген филиалының Дөңгелек орманшылығында орналасқан.
Әр станцияның жалпы ауданы 330 шаршы метрді құрайды және 5 өрт сөндіру техникасын орналастыруға арналған. Дөңгелек орманшылығындағы жаңа станцияда 41 адам еңбек етеді. Нысан орман өрттеріне жедел ден қоюға және арнайы техниканың тұрақты дайындығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Облыс әкімі орман алқаптарын өрттен қорғау үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту мен материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жалғаса беретінін атап өтті.
«Жаңа станцияның іске қосылуы орман өрттеріне жедел ден қоюға, арнайы техника мен жеке құрамның дайындығын қамтамасыз етуге, өрт ошағына қысқа мерзімде жетіп, оны бастапқы кезеңде ауыздықтауға мүмкіндік береді. Бесқарағайдың қарағайлы орманы – халқымыздың ортақ табиғи байлығы. Оны өрттен қорғау – тек орман шаруашылығы қызметкерлерінің ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Соңғы жылдары елімізде болған орман өрттері өрт қауіпсіздығын күшейту, алдын алу шараларын жетілдіру және тиісті инфрақұрылымды дамыту қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Алдағы уақытта да орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, өртке қарсы инфрақұрылымды жетілдіруге және мамандардың қауіпсіз еңбек етуіне қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді», – деді Берік Уәли.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуына тұрғындар мен орман шаруашылығы саласының ардагерлері де ерекше қуанышын білдірді.
«Мен көп жылдар бойы орман шаруашылығында қызмет еттім. Қазір екі балам да осы салада жұмыс істеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғап отыр. Орман шаруашылығында заманауи құралдармен жабдықталған жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылып отырғанына өте қуаныштымын. Өйткені бұл нысанды көптен күткен едік. Орман — бәрімізге ортақ байлық. Оны сақтау баршамыздың міндетіміз. Бекеттің ашылуына қолдау жасап, үлес қосқан азаматтардың барлығына шын жүректен алғыс білдіреміз»,- деді зейнеткер Нұржан Ошақбаев.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ