Студенттердің жол жүру ақысы қашан арзандайды?

602

Облыс орталығы – Тараз қаласында 3 жоғары оқу орнынан бөлек мемлекеттік және жеке меншіктегі 50-ге жуық колледж бар. Яғни, көне шаһар жастарының қатарында студенттердің аз еместігін аңғаруға болады. Бірақ, осы білім ізденушілердің қоғамдық көлікте жүріп-тұруына ешқандай жеңілдік жасалынбаған. Тиісті жеңілдіктен қағылған білімгерлер қазір көппен бірге 65 теңге төлеуге міндетті.

Түйінді мәселені бір жылдан бері көтеріп келе жатқан «Қазақстан студенттер Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының облысы­мыз­дағы көшбасшысы Әлібек Мұратбаевтың айтуынша, бұл жастарға жасалып отырған үлкен қиянат.

– Өткен жылы қала ішіндегі қоғам­дық көліктің жолақысы қымбаттап, студенттердің жеңілдігі алынған кезден бері біз тиісті орындарға сұраныс жасаумен келеміз. Себебі, студенттер үшін автобусқа 65 теңгеден төлеу оңай емес. Облысымызда 240 мың жас бар болса, соның 30 пайызы жоғары және арнайы орта кәсіптік оқу орындарында білім алатындар. Олар табыс табатын қызметкер емес. Керісінше, көп уақытын білім алуға арнауы тиіс. Мынау көрші тұрған Шымкент қаласында былайғы тұрғындардың жолақысы 70 теңге болса, студенттерге 50 теңгеден. Көрдіңіздер ме, айырмашылық 20 теңге. Біздің Тараз қаласында еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда баға нарқы арзан. Сонда не себепті студенттердің жолақысы мұншалықты қымбаттағаны түсініксіз. Тіпті, белгілі бір сомаға сатып алып, 1 ай бойы тегін жүретін жол билеті де қаралмаған, – дейді ол.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов­тің төрағалығымен өткен жастар ісі жөніндегі кеңесте аталмыш жайт тағы да қаралды. Кеңесте облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен Тараз қаласының әкімдігіне арнайы хат жолдағандарымен әлі күнге бір де бір жауап келмегенін айтты. Мән-жайды білмек мақсатта Тараз қаласы әкімдігіне қоңырау шалғанымызда хат әкімдіктің тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жіберілгенін естідік. Сол заматта аталмыш бөлімге хабарластық. Бұл бөлімдегілер бастапқыда «Бізге ешқандай да ондай хат келген жоқ, сіздер де арнайы хатпен шығыңыздар, онсыз ештеңе айтылмайды» деп сауалымызға жауап беруден бас тартты. Біз бұқаралық ақпарат құралдары ақпарат сұратуға, іздестіруге және таратуға заң шеңберінде құқылы екенін алға тартқаннан кейін ғана бөлімнің маманы жауап берді.

– Барлығы заңды түрде жасалды. Нақты айтар болсақ, Қазақстан Республи­ка­сы­ның «Автомобиль көлігі туралы» Заңының 20-бап 6-тармағында «7 жастан 15 жасқа дейiнгi балаларға жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу процентiн төлеп, жол жүру құжаттарын (билеттерiн) сатып алып жүре алады» деп жазылған. Яғни, 15 жастан жоғары балалар, студент­тер жолақысын толық төлеуі керек, – деді бөлімнің бас маманы Бауыржан Қасымбеков.

Ал, облыстық жастар саясаты мәсе­ле­лері басқармасына Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры­ның м.а. Нұрлан Қанатов­тан келген хатта «Тараз қаласында 2016 жылға дейін студент­тер­ге қоғамдық көлікте қатынау үшін жеңілдіктер болды. (Ересектерге 55 теңге, студенттерге 50 теңге). Теңге құнының құлдырауына авто­бус­тар­дың құны, қосалқы бөлшектерінің және жағар-жанармайдың бағасы күрт өсуіне байланысты жеңілдіктер алынып, жол жүру тарифі бірыңғай 65 теңге етіп белгіленді» деп жазылыпты.

Міне, осы көтерілген тариф бойынша студенттердің қоғамдық көлікте қатынап келе жатқанына 1 жыл болып отыр. Жақында ғана Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-не жаңа қоғамдық көліктің кілтін табыстады. Сол салтанатты жиында серіктестіктің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жаңа автобустар сатып алынып жатқаны айтылған болатын.

Бәлкім, қоғамдық көліктер жаңар­тылғаннан кейін студенттерге жолақы жеңілдігі алдағы уақытта беріліп қалар деген үмітпен біз жастардың жанайқайына айналған мәселені қайта қозғап отырмыз. Ел болашағының жарқын болуы үшін бізге сауатты жас мамандар ауадай қажет. Ілім-ғылым іздеп, шаһар ішінде жиі жүріп-тұратын жас талапкердің әр адымына ақы ала берсек, өрісі тарылмай ма? Болар баланың әр қадамын ақшамен есептемей, жолының ашылуына мүмкіндік жасаған жөн. Тым болмаса, айлық жол билеті берілсе де, бұл студенттерге көп демеу болатыны сөзсіз.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.