Режим бөлімінде жауапкершілік мол

267

Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерге тыйым салынған заттарды жеткізуде қолданылмайтын қулық жоқ десе де болады. Әсіресе, сотталғандардың туыстары өз жақынына «жақсылық» жасауға келгенде алдарына жан салмайды. Сондықтан да, мекеме қызметкерлері сотталғандарға әкелетін сәлем-сауқаттарды мұқият тексереді.
Қылмыстық атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселерді жете тексеруден жасырып беру немесе кез келген тәсiлмен беруге әрекеттену – әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болып табылған зат тәркiлене отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеліп соғады. Бұл туралы мекеменің қабылдау-тапсыру бөлмесінде тайға таңба басқандай етіп жазулы тұр. Алайда, осындай ескертулерге қарамастан сотталғандарға тыйым салынған заттарды беруге тырысқан адамдарда жетерлік.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті ЖД-158/5 мекемесінің режим және күзет бөлімінің қызметкерлері мұндай заң бұзушылықтардың талайының жолын кесті. Жауапкершілігі мол бөлімнің қызметкерлері қабылдау-тапсыру бөлмесінде әкелген заттарын толықтай тінтіп, тыйым салынатын заттардың ішке кіріп кетпеуін қатаң қадағалауда ұстайды. Ал тыйым салынған заттар тәркіленген жағдайда оған қатысты АКТ толтырылып, жою жұмыстары жүргізіледі.
Бұдан бөлек, аталған бөлімнің қызметкерлерінің қырағылығы соталғандардың туыстарымен ұзақ және қысқа мерзімді кездесулерде анық байқалады. Бұл жерде режим және күзет бөлімінің қызметкерлері сауысқандай сақ болмаса, заңды белшесінен басқысы келгендердің ойы жүзеге асып кетуі мүмкін. нақтырақ, айтқанда кездесуге келген жазасын өтеушінің туыстары сотталған азаматқа тыйым салынған затты табыстап кетуі әбден мүмкін. Сол себепті, сәлемдемелер мен бандерольдерді сотталғандарға беру барысында тінту тобының қызметкерлеріне аса мұқият болған жөн.
Әрине, темірдей тәртіпке бағынып, антына адалдық танытып жүрген бұл бөлімнің қызметкерлері үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді де ұмытпайды. Мәселен, сотталғандармен кездесуге келген ата-аналар, балаларымен жақындарына мекеменің ішкі тәртібін әдептілікпен түсіндіріп, сыпайылық танытады. Өйткені, қызметтік этика соны талап етеді!

Айдана Саматова,
ЖД-158/5 мекемесінің бақылаушы қызметі бөлімшесінің бақылаушысы, әділет кіші сержанты

Leave A Reply

Your email address will not be published.