«Дұға оқытып үйретеміз»: Қазақстандағы мұсылман балабақшаларда бүлдіршіндер шариғи жолмен қалай тәрбиеленіп жүр
Алматыдағы сондай бөбекжайлардың бірі өзін “халал” деп таныстырды. Балабақша қызметкері “халал” сөзінің астында не жатқанын түсіндірді.
“Мұсылман балабақшаның қарапайым балабақшалардан айырмашылығы – тағамдардың бәрі халал. Сондай-ақ ұлдар мен қыздардың бөлмелері бөлек. Екі бөлек ұйықтайды. Балабақшаның төлемі баланың жасына байланысты. Мысалы, бала 2 жаста болса 80 мың теңге. Оған 5 уақыт тамақ, сағат 7:30-дан 18:00-ге дейін балабақшада болғаны кіреді. Сондай-ақ балаларға қазақ тілімен қоса ағылшын тілін үйретеміз, мектепке дайындаймыз.
Бөбекжай қызметкерінің айтуынша, бұдан бөлек музыка, би, каратэ, сурет өнері де бар. Сонымен қатар балаларға сөйлеуге көмектесетін логопед маманы да қарастырылған.
Қазақстанның басқа өңірінен тағы бір мұсылман балабақшасы бар болып шықты. Бөбекжай бүлдіршіндерді 2 жастан бастап қабылдайды екен. Мекеменің басқа бөбекжайдан артықшылығы: тағамдары 100% халал және балаларға дұғалар үйретіледі.
“Балаларға дұға оқытып үйретеміз. Яғни, тамақтану, ұйқы, аулаға шығу, әжетханаға кіріп-шығудың алдында дұға айтылады. Ал 3 жастан жоғары балаларға араб тілін үйретеміз”, – дейді балабақша қызметкері.
Сондай-ақ бұл бөбекжайдың ай сайынғы төлемі балалардың жасына қарай. 3 жасқа дейінгі балаларға айына 45 мың теңге, 3 жастан жоғары балаларға ай сайын 40 мың теңге төленеді.
Бұдан бөлек балабақшада қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйретеді. Басқа бөбекжайлардан тағы бір айырмашылығы балаларды үйіне дейін жеткізіп салатын арнайы көлік пен жүргізуші бар.
Осындай мұсылман балабақшаларының бірінде бүлдіршіндерге қысқа мерзімге жазғы лагерь қарастырылған. Лагерьде балалар имандылық негіздерін үйренеді. Яғни, балалар түрлі дұғалар, араб әлібиі мен Құран сүрелерін жаттайды. Сонымен қатар бүлдіршіндер Мұхаммед пайғамбардың өмірі туралы оқып, танысады. Қысқа уақытта бүлдіршіндер салауат айтуды, ата-анаға, бауырларға арналған дұғалар мен киім киерде, көлікке мінерде айтылатын дұғаларды үйренеді. Лагерьге 7-11 жастағы балалар қабылданады.
Осы ретте мұсылман балабақшалар туралы еліміздің оқу-ағарту министрлігіне сұрау салдық. Ведомсвто “Қазақстанда мұсылман балабақшалардың жұмысы қаншалықты заңды?” деген сұраққа жауап берді.
“Білім туралы» заңының 3-бабы 4) тармақшасына сәйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі принципі бойынша Қзақстанда білім беру зайырлы сипатта. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі лицензиялауға жатпайды, «Білім туралы» заңының 57-1-бабына сәйкес мектепке дейiнгi тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымының қызметі еліміздің рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асады. Мектепке дейінгі ұйым өз қызметін жүргізу үшін жұмысын бастағаны немесе тоқтатқаны жөнінде білім саласындағы уәкілетті органға міндетті түрде хабарлама жіберуі тиіс”, – деп мәлімдеді оқу-ағарту министрлігі.
Осылайша, ведомство барлық мектепке дейінгі ұйымдар меншік нысанына қарамастан стандарт талаптарын жүзеге асыруға міндетті екенін атап өтті.
«Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы №50 және 2021 жылғы 26 сәуірдегі №182 бұйрығында мұсылман балабақшалар қарастырылмаған. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметін жергілікті атқарушы орган қамтамасыз етеді. Мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың қызметіне жылына 1 рет жоспарлы мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымның қызметінде бұзушылықтар бойынша өтініш түскен жағдайда жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Құқықбұзушылықтар туралы өтініш түссе, олардың қызметін өңірлердегі білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті зерделейді”, – министрлік.
Сонымен қатар ведомсвто мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласын реттейтін заң нормаларына сәйкес келмейтін, нормативтік құқықтық актілердің талаптарын басшылыққа алмаған, білім саласындағы уәкілетті органды хабардар етпеген мектепке дейінгі ұйымдар – балабақшалар мен шағын орталықтар құзыретті органның шешімімен өз қызметін тоқтататынын мәлімдеді.
Бұған дейін Абай Бегейдің әйелі Фариза Жұманова балаларының мұсылман балабақшасында тәрбиеленетінін айтқан еді.
Фото: ИА «Инфо-ислам»
https://stan.kz/news-409132/