Үздік металлургтер марапатталды

Елімізде 2003 жылдан бері шілденің әр үшінші жексенбісінде Металлургтер күні атап өтіледі. Биыл да мереке қарсаңында Мемлекет басшысы металлургтерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент Жар­лы­ғымен металлургия саласында жемісті еңбек етіп, еліміздің өнеркәсіптік және ин­фрақұрылымдық дамуына үлес қосып жүрген жүздеген жұмысшы мемлекеттік наг­ра­далармен марапатталды. Атап айтқанда, 22 жұмысшы «Құрмет» орденінің кавалері атанды, 41 өнеркәсіп қызметкері ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің, 51 адам «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды. Сонымен қатар 7 маман Қазақстан Республикасы Прези­дентінің Құрмет грамотасын иеленді. 

Металлургтер күні мерекесін Теміртау тұрғындары асыға күтеді. Өйткені қаланың тарихы Қазақстанның металлургия сала­сының қалыптасу шежіресімен тығыз байланысты. Осыдан 80 жыл бұрын елі­міздегі алғашқы болат дәл осы жерде шы­ғарылған болатын.
Кәсіби мереке құрметіне Qarmet АҚ жұмысшылары жемісті еңбегі, елдің өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық дамуына қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Мемлекет басшысының атынан ма­рапатты Қарағанды облысының әкімі Ер­мағанбет Бөлекпаев табыс етті.

– Біздің облыс табиғи ресурстармен ғана емес, талантты адамдармен, жоғары санатты кәсіпқойлармен, нағыз еңбек­керлермен де танымал. Балқаш – еліміздегі ең ірі түсті металлургия орталығы. Осы саланың ардагерлеріне ерекше алғыс айт­қым келеді. Сіздердің көп жылғы ең­бектеріңіз бен мамандыққа деген адал­дықтарыңыз металлургтердің жаңа буынын тәрбиелейтін үлгі болды. Металлург ма­мандығы жастар үшін беделді болып қа­латыны қуантады. Энергияның, жас­тардың инновациялық тәсіліне деген ұмтылыстың арқасында отандық метал­­лургия одан да күшті және технологиялық сипатқа ие болады, – деді өңір басшысы.

«Құрмет» орденінің иегері Владимир Филиппов комбинатта еңбек еткеніне 50 жылға жуықтаған. Қарапайым жұмысшы болып кіріп, жоспарлау және жедел басқару жөніндегі директорлыққа дейін көтерілген.

– Мектептен кейін бірден әкем мені комбинатқа алып келді. Содан кейін үш жыл әскерде қызмет еттім. Қызметтен кейін комбинатқа оралдым, үздіксіз өңдеу қон­дырғыларын басқару постының операторы ретінде қабылдандым, сонымен қатар зауыт-жоғары оқу орнының кешкі бөлі­мінде оқыдым. Менің еңбегімді ба­ғала­ғанына өте қуаныштымын. Барлық метал­лургті мерекемен құттықтағым келеді, зор денсаулық, бақыт, амандық, ертеңгі күнге сенімділік тілеймін, – деді ардагер қызметкер.

Марапатталғандардың қатарында тә­жірибесі мол қызметкерлер мен жас ма­мандар да бар.
Кәсіби мереке қарсаңында Балқашта да металлургтерге құрмет көрсетілді. Пре­зидент Жарлығымен марапатқа ие болған кәсіпорындар қатарында Kazakhmys Smelting, «Сары Қазына», «Қоңырат» мыс ком­паниясы бар. Үздік 18 қызметкерлерді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев құттықтады.

– Бүгінде «Қазақмыс» кәсіпорындарында металлургия дивизионында алты мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл – үлкен бір отбасы. Біз жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталған бірқатар іс-шара өткіземіз. Мысалы, биыл Балқашта құрама газ құ­бырын қайта құру бойынша ауқымды жоба аяқталып жатыр. Бұл өнім шығаруды арт­тырып қана қоймай, ең алдымен ат­мо­сфераға күкірт диоксиді шыға­рын­ды­ларын азайтуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Дархан Боранбаев – ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері. Жалпы еңбек өтілі – 23 жыл. Соңғы 13 жылдан бері «Коун­рад» мыс компаниясының электро­лиздеуші маманы. Ол мысты электролиздеу жұмысын бүге-шігесіне дейін біледі. Ал әріптестері марапат иесінің өте сауатты, бастамашыл, жауапты, біліктілігі жоғары маман ретінде бағалайды.

– Металлургтер қаласы болғандықтан мамандық таңдауға келгенде бас қатырып ойланған да жоқпыз. Мектеп бітіре салып зауытқа жұмысқа орналастым. Бір үйде 4 ұлмыз, төртеуміз де металлург болып жұмыс істейміз. Металлург болу оңай емес, екінің бірінің қолынан келмейді. Төзімділік, шыдамдылық, сабыр керек. Қазіргі жастар жеңіл жұмысқа жүгіреді. Алайда металлург мамандығы адамды шыңдайды, мінезін қалыптастырады, – дейді тәжірибелі маман.

Металлургтер мерекесі Қостанай об­лысындағы Рудныйда да атап өтілді. Пре­­зидент Жарлығымен 8 адам мемлекеттік наградаға ие болды. Мерекеге орай кә­сіпорын өзінің үздік қызметкерлеріне отандық 10 автокөлікті сыйға тартты.

https://turkystan.kz/article/246393-uzdik-metallurgter-marapattaldy

Comments (0)
Add Comment