«Үшем босанамын деп үш ұйықтасам да ойламаппын»

Еліміздің демографиялық өсіміне көз салсақ, көш бастап тұрған өңірлердің қатарында Жамбыл облысы да бар. Себебі мұнда егіздермен қоса, үшемдердің де қатары жыл сайын артып келеді. Дәл осынау шаттыққа былтыр Жамбыл ауданы Жалпақтөбе ауылында тұратын жеке компанияның қызметкері Әлинұр Абдуллаев пен ұстаз Умида Аширова да кенелген болатын.
Болашақ бес баланың әкесі Әлинұр Құдай қосқан қосағымен 2014 жылдың мамыр айында танысады. Жүрегінің иесін тапқанына сенімді болған жас жігіт Умиданы бір көргеннен құлай ғашық болыпты. Арманына айналған аруды алақанына қондыруға асыққан ол көп ұзамай сүйіктісімен шаңырақ көтереді. Бір жылдан соң тұңғыштары Айлана өмір есігін ашады. Араға үш салып сіңлісі Амелия дүниеге келеді. Қос құлыншағының тәтті қылықтарына тоймай жүрген жұбайлар былтыр үшемді болып, қуаныш құшағында тербеледі. Бірден үш сәбиді өмірге әкелетінін естігенде аналары сенер-сенбесін білмепті.
– Үшінші рет жүкті екенімді білсем де, құрсағымда үш жүректің соғып тұрғанын сезбеппін. Алғаш УДЗ-да үшем дегенде, өз құлағыма өзім сенбедім. Тіпті сол сәтте көзіме жас келді. Әрине, бірден 3 баланың анасы атану кез келген әйелдің арманы ғой. Бірақ бұрын-соңды не менің, не күйеуімнің әулетінде үшем болмаған. Қыздарымды жүктіліктің 35-ші аптасында босандым. Олардың салмағы 1 980, 2 120 және 2 020 грамм болды. Үш сіңлісінің есімдерін әпкелері Айлин, Әлия және Элиф деп қойды. Шақалақтар өте әлсіз болғандықтан, тексеру және күтім жасау үшін неонатология бөліміне ауыстырылды. Ол жақта барлық жағдайымды жасап, қолдан келген демеулерін аямаған медицина мамандарына алғысым шексіз. Әуелі Алланың, содан кейін солардың арқасында үш қызым аман-есен өсіп, бізді сүйсіндіріп жүр. Осындай бақыт барша нәзікжандыға бұйырсын, – дейді үшемнің анасы Умида Аширова ағынан жарылып.
Бірден 3 қыздың әкесі атанған Әлинұр Абдуллаев та сол кездегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмайтынын, әсіресе оларды перзентханадан шығарғанда дүйім елдің қошемет көрсеткен сәтін көргенде, жаны жадырағанын жасырмады.
– Алла Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла Тағала осы рақымы үшін оларды өз жұмағына кіргізеді», – деген екен. Шүкір, бүгінде бес қызға әке атанып отырмын. Ол үшін сүйген жарыма ризашылығым шексіз. Келешекте қыздарымның ізінен тағы да іні-сіңлілері ереді деген ойдамын. Бастысы, олардың дені сау, мерейлері үстем болсын! – дейді Әлинұр Абдуллаев тебіреніп.
Бір перзентті өмірге әкелудің өзі ана үшін қаншама салмақ түсіреді. Ал үшемнің ана құрсағын жарып шығуы тіпті зор ауыртпалық. Мұны медицина мамандары да тегіс мойындаған.
– Тұқымында егіз не үшемдер кездескен әйелдердің үш перзентті дүниеге әкелу мүмкіндігі жоғары. Әйтсе де, бұл кез келген әйел үшін ауыр тиеді. Тіпті мұндай кездерде олардың өмірі қыл үстінде тұрады. Соның салдарынан ай-күніне жетпей, ерте босанып қоятындары да бар, – дейді акушер-гинеколог Халида Шәріпова.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш үшемдер 1998 жылы өмірге келіпті. Арқа төсіндегі Астанамыздың қазығы қағылып, іргесі қаланып жатқан шақта дүние есігін ашқан Төле, Қазыбек және Әйтеке өздерін елорданың төл құрдасымыз деп санайды. Сондай-ақ елордамыз бен Ақтөбе облысында Қасым, Жомарт, Кемел атты үшемдер тұрады екен. Айта берсе, мұндай деректер көп. Бастысы, үшемдердің ұлтымыздың бетке ұстар тұлғаларына айналуына тілекшіміз.

Жұматай Көксубайұлы

Comments (0)
Add Comment