Жамбыл облысында ауылдарды дамыту алға қойған негізгі бағыттардың бірі. Әрбір елді-мекен заман талабына сай өркендеп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне бейім болуы қажет. Ел үкіметінің де алға қойып отырған басты мақсаты осы.
Осыған орай облыс әкімі-Бердібек Сапарбаевтың 2020 жылғы 4 мамыр күнгі Жамбыл облысы аудандарымен бейне-селекторлық кеңестегі тапсырмасына сәйкес, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын іске асыру бойынша Сарысу ауданынан «Үлгілі ауыл» жобасына Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылы еніп, бүгінде біршама жұмыстар атқарылуда.
Ауыл ішіндегі әлеуметтік нысандар мен көше бойлары және жол қапталдарына санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, 5 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Ауыл ішіндегі тал-дарақтардың түбі қопсытылып, әктелді. Ауылға кіре беріс облыстық маңызы бар Тоғызкент-Үшарал тас жолының бойындағы аялдаманы жаңартып, заманауи үлгіде салу үшін аудандық бюджеттен — 815 мың теңге бөлінді.
Ауыл тұрғындары әр үйдің ауласы мен көше бойына және мектептің, ауылдағы аула клубының аумағына тал көшеттерін отырғызуда.
Мектептің ауласына – 317 көшет отырғызылыпты. Оның 90 көшеті алманың, 50 көшеті өріктің, 30 түбі шие және 12 түп арша көшеті көктеп тұр. Әбілда ауылдық клуб үйінің айналасына — 144 түп тал-дарақ отырғызылды. Оның 50 данасы — жеміс талы, 84 түп сәмбі тал мен терек және емен егілген.
Халқы бақша өсіріп, төрт түлікті көбейтіп отыр. Әр шаңырақта қазан қайнап, дастарханы жайнап тұр.
Үлкен азаматтардың игілікті істерін қазіргі уақытта жастар жалғастырып жатыр. Көптеген мерекелік шараларға ауызбіршілікпен бірігіп жиналып, қаражатын жинап, атсалысады. Сосын өздерінің ауылына деген тартуларын жасап тұрады.
Мысалы айта кетсек, бітіруші түлектердің 30 жылдық, 20 жылдық түлектердің көбі ауылға түрлі тартулар жасап, мектеп айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына көмегін тигізіп жатады.
Әбілда ауылының тұрғыны, «Үшарал-Агро 2017» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы-Омар Маратреспубликалық #Біз біргеміз! акциясы аясында Тоғызкент ауылының көп балалы отбасына — 1 қап ұн, 1 қой беріп көпке үлгі боларлық іс жасады.
Ел аумағындағы карантин сейілісімен қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерінен іс-шаралар ұйымдастырып, Ұлы Дала елінің қол өнер бұйымдарын жасау үлгісін көрсету жоспарда бар.
Округ әкімі Дархан Тобашұлы ауылдықтармен жиі басқосып, көкейлеріндегі сауаладрымен ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып тұрады.
Аядай ғана ауылдықтардың ауызбіршілігі мен ынтымағының нәтижесінде індеттің алдын алу жұмыстары да қарқынды. Бір-бірлеріне қол ұштарын созып, тек бір ғана отбасы емес, бүкіл ауыл болып еңсесін тіктеуде.
Тәуелсіз елімізде халық игілігі мен ауылымыздың дамуы жолындағы жұмыстар алда да жалғасын таба бермек. Көтерілген мәселелер аяқсыз қалмай, кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Дариха Үмбетиярова,Сарысу аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы.