Біз қазір жаңаша өмір сүріп жатырмыз. Жаңа қоғамның сипаты іскерлік болса, бұл жолда жетістіктеріміз де баршылық. Ал шешімі күрделі әлеуметтік мәселелер де бар. Қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған мәселе, ол – сыбайлас жемқорлық. Елімізде осы мәселеге байланысты арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан түрлі жұмыстар да баршылық, дегенмен бұл мәселе әлі толық шешімін тапқан жоқ.
Бүгінде бүткүл әлеммен бірге бізде өркениетті еліміздің дамуына тұсау, кемелденуіне кедергі келтіретін ғаламдық індетке айналған сыбайлас жемқорлықпен күресу жұмыстары жалғасып келеді.
Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына залалын әкелетін індет. Онымен күрес бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы ерекше деп білемін.
Біздің қоғамда, яғни бұғанасы енді қатайған мемлекетте сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі таралмауы үшін оған бөгет болудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде түбегейлі қарсы тұруға болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы және адамгершілік міндеті деп білу керек.
«Жемқорлыққа жол жоқ!» деп ұрандатып, мінберлерден аузымызды толтырып айтқанымызбен, осының түп-тамырына қалай балта шабуға болады деген сауалға жауап іздеп жүргеніміз шамалы.
Жемқорлық дертіне қалай душар болдық? Онымен күресті қайдан және қалай бастағанымыз дұрыс?! Осы бір тұжырымды тарқатып қарап көрейік.
Қазіргі көпшіліктің басты арманы – бай болу. Бақуатты болу үшін ар-намысынан баз кешетіндер де бар. Адамға ақша қызмет етпей, адам ақшаға қызмет ететін түсінік қалыптасқалы бері адамзаттың санасы уланды, дүниенің құлына айналды. Жемқорлықтың етек алуы да осыдан. Осы қағиданы бұзбай қоғамдағы жемқорлықты жоя алмаймыз. Жемқорлық деп қоғамдағы рухани байлықтың құнсызданып, материалдық құндылықтың алдыңғы сатыға көтерілуін айтамыз. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күресті азаматтардың жүрегіне рухани ізгіліктерді, адами құндылықтарды сіңіруден бастауымыз қажет. Рухани тұрғыдан бай адам жемқорлық сынды лас әрекеттен жанын таза ұстайды.
Жеке тұлғаның адамгершілік санасының биіктігі оның алған тәлім-тәрбиесі мінез-құлқы мен іс-әрекетін анықтайтын өлшем болып табылады. Әрбір тұлғаның өзіне тән барлық адами қасиеттері рухтан нәр алады. Ал жаман, жағымсыз қасиеттер – нәпсінің көрінісі. Міне, осы себепті де біз жемқорлықпен күресті рухани сананы тазартудан бастайтын болсақ, әрбір адам нәпсінің тұсауынан босап, елі мен жеріне адал қызмет етер еді.
Байлықты басты құндылық деп адасып жүрген азаматтарымыздың түсінігіне төңкеріс жасау, яғни, оның сана-сезімі мен сенімінің, ішкі жан дүниесінің тазаруына ықпал етіп, жүрегіне иман ұялату қажет. Біздің қоғам адал, намысы биік азаматтарды қажет етеді. Осы тұста соңымыздан ерген ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмауымыз керек.
Кез келген мемлекеттің басты құндылығы – адам. Қай мемлекеттің адами капиталы басым болса, сол елдің барлық салада ілгерілеушілігі байқалады. Бұл – ғылыми тұрғыдан дәлелденген тұжырым. Дамыған, өркениетті елдердің халқы білімді әрі бәсекеге де қабілетті. Яғни, олар тек кәсіби тұрғыдан емес, тұлғалық дамуға да ерекше көңіл бөледі. Отанды, отбасын сүю, қоғамға пайдалы әрекетпен айналысу және жеке жауапкершілікті толығымен түсіне білу тұлғалық дамудың алғашқы басымдылықтарының бірі болып табылады.
Әрбір азамат немесе мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан артылған сенімді жауапкершілікпен сезінсе, еліміздің еңсесі тіктеліп, адалдықтың даңғыл жолының жолаушысына айналар еді.
Біз сыбайлас жемқорлықтың қаншалықты зиян екенін таңбалай бергеннен гөрі нақты іспен көрсеткеніміз жөн. Ол қалай болмақ? Меніңше, әркім өз құзыретін кәсіби қызмет көрсетуімен қатар, жоғары мәдениеттілігін, адамгершілік, шыншылдық пен жауапкершілікті де қатар алып жүрсе, жемқорлық факторларының қатары сейіледі.
Танымал психолог Реймонд Кэттел Бернардың әдістемесіне сәйкес адамның бәсекеге қабілеттілігі үш факторға байланысты. Олар: тұлғаның зияткерлік, эмоционалды-еріктік және коммуникативтік ерекшеліктері. Сыбайлас жемқорлық фактілеріне тосқауыл болатын ар-намыс, ұят, отансүйгіштік қасиеттер эмоционалды-еріктік факторға жатады. Мұнда Кэттел тұлғаның тек кәсіби дамуынан бөлек, рухани тағылымның да аса маңыздылығын атап өткен.
Қай саланың жүйесінде жемқорлық әрекеттері бой көрсетсе, ол мемлекеттік жүйеден емес, сол жүйеде жұмыс жасайтын адами фактордың әсерінен екені бесенеден белгілі. Яғни, тұлға адами құндылықтардан ада болса, заңдарды жетілдіргенімізбен нәтиже беруі екіталай.
Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбір азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу – біздің басты міндетіміз. Әрбір тұлға елі мен жерінің өркендеуі үшін тер төгіп, парасатты тұлға болып қалыптасуы қажет.
Өзім басқаратын басқармада да ылғи адалдық жайын сөз етеміз. Өйткені біздің салада орын алған мұндай олқылық мәңгілік қателік болуы мүмкін. Алла барлық азаматтың кеудесіндегі жүректі адалдықтан ғана нәр алатын еткей!
Ойда жүрген тұжырым болғасын бөліскеніміз де дұрыс шығар.
Еркін Келесов Егембердіұлы,
Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы