Жылу желілерін жаңғырту бүгінде еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бүгін нысандарға арнайы барып, жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.
– Бұл жоба қала тұрғындары үшін өте маңызды. Осы арқылы облыс орталығындағы жылу желілерінің мәселесі түбегейлі шешілмек. Бірақ, құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді. Соның салдарынан жұмыстар өте баяу жүріп, белгіленген кестеден кешігуде. Сондай-ақ құрылысы аяқталған кейбір нысандарда жолдарды қалпына келтіру ұмыт қалған. Күні ертең жаңа оқу жылы басталып, балалар мектепке қатынайды. Сол кезде мұның бәрі тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Сондықтан жаңа оқу жылы басталғанға дейін мектепке апаратын жолдардың барлығын ретке келтіру жұмыстарын толығымен аяқтауға тиіспіз. Бұл кезек күттірмейді, – деген шаһар басшысы жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырып, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.