Жуалы ауданындағы Қаратас ауылына газ берілді

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Жуалы ауданындағы Күреңбел ауылдық округіне қарасты Қаратас ауылына табиғи газ берілді.

Шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысты. Газ алауын жағуға байланысты салтанатты шарада аудан әкімі ауыл тұрғындарын көптен күткен қуаныштарымен құттықтап, бірлік, амандық тіледі.

Ауыл тұрғындарының атынан ардагер ұстаз, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Қуанышев, еңбек ардагері Еркебай Нағашыбеков сөз сөйлеп, газды жеткізуге жауапты мердігер мекеменің басшылығына және аудан басшыларына алғыстарын білдірді.

Айта кетейік, Жуалы ауданында газ тартылмаған елдімекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жылдан бері тұрақты көтеріліп, алыс ауылдарды көгілдір отынмен толық қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстар сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ауданда барлығы 49 елдімекен бар болса,  оның 44-іне газ құбыры жеткізілді.

2020 жылы Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтеріне қарасты барлығы сегіз ауылда ауылішілік газ жүйелері жүргізіліп, тиісінше, тұрғын үйлер табиғи газға қосылса, былтыр Боралдай ауылдық округіне магистральды газ құбыры жеткізіліп, тұрғындар табиғи газды тұтынуға мүмкіндік алып отыр. Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылының тұрғындары биыл магистральды газ құбырына қосылса, Қошқарата ауылдық округінде газ құбырын тартуға байланысты жүріп жатқан жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қошқатара ауылын газдандыру жобасы 2023 жылға өтпелі.

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment