Қордай ауылындағы күрделі жөндеуден өткен орталық саябақ пайдалануға берілді. Демалыс орнының салтанатты ашылуына аудан әкімі Мәден Мұсаев қатысып, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады.
«Аудан орталығын абаттандыру жұмыстары мұнымен шектелмек емес. Алдағы уақытта ауылдың өзге де қоғамдық орындарына абаттандыру, көргалдандыру жұмыстары қолға алынатын болады.
Ауылымызды таза ұстасақ, мәдениеті жоғары ел екенімізді көрсетіп осындай саябақтарда аналарымыз, апаларымыз, балаларымыз қыдырып жүрсе, осыдан асқан бақыт жоқ шығар.
Бүгінгі қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Береке-бірлігіміз арта берсін!», — деді аудан әкімі.
Шараға арнайы келіп қатысқан Мемлекет қайраткері Мұратбай Жолдасбаев жерлестерін құттықтап, атқарылған жұмысқа ризалғын білдірді.
Жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, аз ғана уақыт ішінде күрделі жөндеуден өткен саябақтың көркі көз тартады. Саябақтың кіргеннен бастап қоршауы мен жарықтандыруына аса мән берілгенді байқалады.
Сонымен қатар, саябақ ішіндегі асфальт, тротуар плиткалары жаңартылып, жаңа орындықтар орнатылып, сыртқы қоршауы толығымен ауыстырылған.
Демалушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп, саябаққа бейнебақылау камерасы мен полиция пункті салынған.
Сонымен қатар, саябақта алдағы уақытта мәдени-шаралар өткізуге арналған сахна да қойылған. Заманауи үлгіде жасалған әсем сахнаға LED экран ерекше көрік беріп тұр. Игі істің бастауы ретінде салтанатты шара ұлттар достығын ұлықтауға арналған «Достық базары» фестивалімен жалғасты . Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады.