Жырлаған сайын ұлтымды,
Жолбарыс рухым сілкінді.
Қазағымды сүйемін,
Құдайына адал құл сынды.
Жолыңа құрбан етейін,
Дүние деген шіркінді.
Бір-бірден ұстап мініңдер,
Қара өлең дейтін жылқымды.
Қанды жас толы тарихым,
Қасіреттен жаңа арылды,
Асқақтатуда рухымды.
Шошқалардан тазарып,
Қорамызда ит үрді.
Көзімнен аққан қанды жас,
Егемендікпен сүртілді.
Бабаларымның қандары,
Қызғалдақ болып құлпырды.
Аллаға тәубе етейін,
Көк қошқар түсіп аспаннан,
Ажалдан қалған ұл сынды.
Құлагер аттай шабайын,
Сен басшы халқым қиқуды.
Күлдір де күлдір кісінетіп
Күреңді мінер күн туды-ай!
Суырып қызыл қылышымды,
Айтайын бугін шын сырды.
Қу дүние-ай сені қуам деп,
Алтайы қызыл түлкіңді.
Бәйгеге түсіп бес күнде,
Дырылдап жағам жыртылды.
Ақиқат сөзді айтам деп,
Қанатым қанша қырқылды.
Сағым бір емес, мың сынды.
Ана тіл- қазақ тілі деп,
Байтұрсыновтан бері қарай,
Қырдық біз қанша қыршынды.
Байқұс тілім саған салдырған,
Байғы зардағы сұңқылды.
Қырып салсада обал жоқ,
Атқамінерді бұл күнгі.
Жұлқылап жұртым көрейін,
Жұбан аша алмаған ұйқыңды!
Оразалы Досбосынов