https://turkystan.kz/article/259301-zogary-paiyzben-qaryz-bergen-azamatqa-qatysty-is-qozgaldy
Қостанай тұрғыны 2020 жылдан бастап лицензияс болмаса да, азаматтарға пайызбен және мүлік кепілдігімен «OLX» пен «Instagram» мобилді қосымшалары арқылы қарыз берген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Келісімшарт жасасу кезінде несиелік мәмілені заңды етіп көрсету үшін ол қарыз сомасын шын мәніндегі сомадан әлдеқайда көп етіп көрсеткен. Себебі бұл сомаға жылдық 100%-ға дейін баратын алдын-ала есептелген сыйақылар енгізілген.
Осылайша күдікті жалпы көлемі 100 млн теңгеден астам қаражатты қарызға берген.
Айта кету керек, оның заңсыз әрекеттерінің салдарынан қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделері бұзылған. Олар қарыз алудың тиімсіз, ауыр шарттарының құрбанына айналған.
Жедел қаржылық көмек іздеген олар жоғары пайыздық мөлшерлеме мен мүлкінен айырылу қаупі бар қаржылық тұзаққа түскен.
Заңсыз жолмен алынған табыстың көзін жасыру үшін күдікті таныс бухгалтерді тартқан. Бірігіп, олар ақшаны жылыстатудың схемасын жасап, табысты көлік жөндеу қызметімен айналысатын кәсіпорынның заңды кірісі ретінде көрсеткен.
Ол үшін күдікті жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, шын мәнінде жұмыс істемейтін көлік жөндеу станциясының атынан фискалдық чектер шығарып отырған.
Нәтижесінде, күдікті заңсыз қызметінен түскен 60,6 млн теңгеден астам кірісті заңдастырған.
Соттың санкциясымен тәркілеу мақсатында оның пәтеріне және банктік шоттарындағы 28 млн теңге сомасындағы қаражатына тыйым салынды.
Тергеу жұмыстары жалғасуда.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.