Қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Сондықтанда ер бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, адамгершілікке, батылдыққа, ептілікке, имандылыққа баулыған. Осыған орай Жамбыл облыстық мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру жоспарына сәйкес өткен аптада аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде «Жігіт сұлтаны-2022» байқауы болып өтті. Оған ауданымызға қарасты ауыл және ауылдық округтерден келген 9 жігіт сынға түсті. «Мен Алаштың ұлымын» аталымы бойынша алдымен ер жігіттер өзін-өзі таныстырды. Мұнда үміткерлер өзінің тегі мен отбасы жайында айтып қана қоймай, ЛЕД экран арқылы білім, өнер жолындағы жетістіктерін видео және слайд түрінде көрсетті. Әрмен қарай сайыстың келесі «Жігітке жеті өнер де аз» шарты бойынша жарысқа қатысқан үміткерлер өнерлерін ортаға салды. Бұл кезеңде қатысушылар жігіттердің сайысқа үлкен дайындықпен келгені байқалды. Аталмыш кезеңде бірі мәнерлеп өлең оқыса, бірі әуелете ән шырқап, кейбірі тіпті қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй шертті. Соңғы «Білгенге маржан» кезеңі бойынша бақ сынасқан үміткерлерге салт-дәстүр, қазақ тарихы, мемлекеттік жастар саясатының заңдары және тағы басқа да сұрақтар қойылды. Байқау барысында сөз саптау, актерлік шеберлік, сахна мәдениеті мен өзін-өзі ұстау мәнері, киім үлгісі назарға алынып, бағаланды. Қазылар алқасының шешімімен үш кезең бойынша озық өнер көрсеткен көкталдық Руслан Абдиров жүлделі бірінші орынды иеленді. Н.Киікбаев мектеп-гимназияның оқушысы Диас Ынтымақ екінші орынды қанжығасына байласа, Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушысы Олжас Темірхан үшінші орыннан көрінді. Сонымен қатар Ерсұлтан Шәймерден (Еңбек орта мектебі) «Өнерлі жігіт», ал, Нұрхан Әлмаханұлы (Ә.Жанқұлиев орта мектебі) «Сері жігіт» номинацияларына қол жеткізді. Жүлделі орындардан көрінген жігіттерге диплом және арнайы сыйлықтар, қалған төрт қатысушыға Алғыс хаттар табысталды.
Арайлым Нарбатырова. |