Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазақ қоғамына ерекше серпіліс әкелген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде бағдарламадағы іргелі жобалар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Соның бірі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы.
Елбасы аталмыш мақаласында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау қажеттігін айтқан болатын. Бұл – уақыт талабы. Жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті боламыз десек, әлемдегі ең озық оқулықтардан, ғылыми әдебиеттерден білім алған абзал. Өйткені, қоғамдық сананы қалыптастыратын – гуманитарлық ғылымдар.
Күні кеше ғана Елбасымыздың қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған оқулықтардың таныстыру рәсімі өтті. Бұл іс-шараға республикамыздағы жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары қатысып қайттық. 2018 жылға 30 кітаптың аударылуы жоспарланған екен, міне соның бүгінгі күні 18-і аударылыпты. Аударылған кітаптар әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған. Олар философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент және басқа да мамандықтарға қатысты АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектері.
Елбасымыз бұл шараның бүкіл әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды екенін айтып, оның бірқатар ерекшеліктерін атап өтті. Жарық көрген оқулықтардың әрбірі 10 мың данамен басылып, алдағы уақытта жоғары оқу орындарына, кітапханаларға таратылмақ және оқу үрдісіне 2018-2019 оқу жылынан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізу жоспарлануда.
Бір қуантарлығы – оқулықтардың қолжетімділігінде, кітап түрінде ғана емес, электронды онлайн нұсқасы да болатындығы. Бұл жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы шығармаларды өз тілінде оқуға, жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұнын әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, студенттердің білім деңгейін арттырып, жеке адам және маман ретінде табысқа жетуіне жол ашады. Ең бастысы, жастардың гуманитарлық салаға деген қызығушылығын арттыра түсері анық.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті педагогикалық кадрлар дайындайтын жоғары оқу орны болғандықтан, біздің мақсат – жоғары білікті, жаңа тұрпатты мұғалім даярлау. Мұғалім дегеніміз кім? Ол жаңаша ойлай алатын, ізденісте жүретін адам. Мұндай адам кез келген білім беру мекемелеріне қажет. Сондықтан, аударылған әлемдегі ең озық кітаптарды оқу жоспарына енгізуге ТарМПУ профессор-оқытушылық құрамы да құлшыныс танытып отыр. Өйткені, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілікке ие, қазіргі нарық пен халықаралық стандарттар талабына сай етіп бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлауға бұл жаңа кітаптардың үлесі мол болмақ.
Осы жобаға байланысты Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде көптеген игі істер атқарылды. Соның бірі – «Рухани жаңғырудың» бір көрінісіне айналған латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты біздің ЖОО-да «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы ашылып, бұл міндетті жүзеге асырудың ғылыми-әдістемелік концепциясы жасалу үстінде. Облыстық байқауға ұсынылған «Латын әліпбиін оқытудың арнайы курсы», «Жаңа қазақ әліпбиі» атты еңбектер осы бастаманың бір дәлелі. Жалпы, қоғамдық ортаға латын графикасына көшудің өзектілігін насихаттап-түсіндіру бағытында университет ғалымдары құрамынан ұйымдастырылған белсенді топтың жұмысы да нәтижесіз емес. Университетте шетел және қазақстандық ғалымдардың қатысуымен конференция өткізіліп, қызу талқылаулар өтті. Ұстаздардың жетекшілік етуімен студент жастар латын әліпбиінің енгізілуін қолдап, түрлі шаралар ұйымдастырды.
Университет жанынан құрылған Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығы облыстың 80 жылдығына арнап 10 томдық кітап шығаруды жоспарлап отыр.
Білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау – болашаққа жасалатын ең басты бағдар. Ал жастардың бойында серпіліс болуы үшін сананың ашықтығы және білімге деген ұмтылыс, рухани жаңғыру керек.
«Рухани жаңғыру» идеясы – ұзақ мерзімге жоспарланған жоба. Елбасы осынау жобаны жүзеге асыру арқылы халықтың санасын жаңғыртып, өркениетті қоғам құруды көздеп отыр. Бұл ретте жастарға үлкен жауапкершіліктің артылып отырғанын айта кету керек. Қазіргі ұрпақ Қазақстанды әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосуы тиіс. «Рухани жаңғыру» осы міндетті жүзеге асыруға сеп болатын басты құралға айналмақ.
Зағира ТОҚБЕРГЕНОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің
«Тарих және әлеуметтік педагогика»
факультетінің деканы,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент