Мойынқұм өңірі үшін үлкен қуаныш. Жерлесіміз Жамалақов Қанатбек Ерділдәұлы Жамбыл облысының ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. 17 желтоқсан күні Астана қаласында, Ақордада өткен салтанатты рәсімде марапатты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі табыстады.
Жамалақов Қанатбек Ерділдәұлы – «Жамбыл электр желілері» ЖШС Мойынқұм аудандық электр желісі бөлімшесінде 110–35 кВ әуе желілерінің шебері болып қызмет атқарып келе жатқан тәжірибелі маман. Ол 1964 жылғы 1 сәуірде Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – арнайы орта.
Еңбек жолын 1981 жылы Мойынқұм аудандық электр жүйесі мекемесінде электромонтер болып бастаған ол арада өткен 44 жылға жуық уақыт ішінде бір ғана салаға, бір ғана мекемеге адал қызмет етті. Бұл – тұрақтылықтың, мамандыққа деген шынайы құрметтің нақты көрінісі.
Қанатбек Ерділдәұлы өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтын кәсіби маман ретінде әріптестері арасында үлкен беделге ие. Сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуді де азаматтық парызы санайды. Оның еңбегі Мойынқұм ауданының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, елдің тыныс-тіршілігінің үздіксіз жүруіне тікелей үлес қосып келеді.
Бұл марапат – маңдай термен келген әділ баға, көп жыл бойы көзге көрінбей атқарылған үлкен еңбектің лайықты жемісі. Жарық өшпесін деп жүріп, өзі елге үлгі болған азаматқа көрсетілген құрмет – еңбек адамына деген мемлекет қолдауының айқын белгісі.
Осындай азаматтарға қарап, «еңбек – ер атандырады» деген сөздің бекер еместігіне тағы бір мәрте көз жеткізесің.