Қай уақытта да адам баласына туған жері қымбат. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Елбасымыз да өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерді сүю Отанды сүюге бастайтындығын жазды. Адамзат баласы санаға ие болғалы жұмыр жерді шыр айналып келеді. Өйткені, Жер-ана ортақ, оның ішінде кіндік қаның тамған жердің орны бөлек. Сондықтан да, адам баласы туған жеріне тартады деген пәлсапа бар. Қазақтың мінезінің дархандығы, кеңпейілділігі Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан сардаласынан аумайтыны соның нақты дәлелі.
Талас ауданында өсіп-өнген Нұрғали Шүлембаевтың да туған жер дегенде тұла бойы тулап, тұлпардай тепсініп қоя беретіні бар. Бір жолы онымен емен-жарқын әңгімелесіп, елге деген толғанысын тыңдадым. Жер-су атауларының шығу тарихын жатқа соғатындығы мені еріксіз тәнті етті.
– Ес жиғалы бері Ақкөл, Қаратау, Жаңатаста өмір сүрсек те, аяулы Қараойымызды бір сәт естен шығармаймыз, — дейді Нұрғали Шүлембаев. — Өйткені, онда ата-бабаларымыздың ізі жатыр. Аналарымыздың мейірім-шапағатын ауылға барған сайын түйсініп қайтамын. Қаратаудан Жаңатасқа апаратын қасқа жолға түсісімен-ақ туған жердің құдіретін сезінемін. Есте жоқ ескі заманда осы өңірде таңдай кептірер ыстық жел соғып, қуаңшылық болған деседі. Аң-құс біткен ауып кетсе керек. Сондай кезеңде Пайғамбарымыздың сахабасының бірі Ақтас шоқысының баурайындағы ағашты саялап отырып, жаратқаннан жаңбыр жіберуді тілеп, қолындағы асатаяғымен қара жерді түртіп қалса, жер астынан су атқылап, маңайды көл етіпті. Сол оқиғаны тамашалап қарап тұрған жұрт: «Тамды, жаңбыр жауды, жерге Алланың нұры тамды» деп шулаған дейді. Содан бастап арналы өзенге айналған жерді Тамды деп атапты-мыс. Бұл аңыз, әрине.
Тамды өзенінен өте бере оң жағымдағы көпшілік «Ұйқыдағы ару» атап кеткен шоқы қол бұлғап қала берді. Ары қарай сәл жүрген соң оң жағымнан Ырғайлы тауының сұлбасы көрініп, сол жағымнан Байжан сай жолы тауға қарай ирелеңдеп жатыр. Қаладан 18 шақырым жердегі Көктал өзенінің де өз тарихы бар. Осыдан 3 ғасыр бұрын жоңғар басқыншыларына қарсы қол бастаған Рысбек батырдың үрім-бұтақтары Қаратаудың бойын жайлайды екен. Батырдың Төребек атты баласы ағып жатқан өзеннің суын пайдаланып, көкорай орман жасауды армандап, Ташкенттен түйеге артып неше түрлі ағаштарды әкеліп, жерсіндіріпті. Айналасы 2-3 жылдың көлемінде өзеннің жағасы орманға айналыпты. Көрікті көгалына, неше түрлі сәмбі талдарына қарап ат қойғыш қазекем бұл маңды «Көктал» деп атапты.
Бастауын Көсегенің көк Жонынан алатын өзеннің бойында өзі аттас емдеу-сауықтыру кешені бар. Ары қарай етекке құлдыраңдай аққан өзен Дарбазаны жарып өтіп, үлкен су қоймасын толтырады. Онысымен қоймай арындап ағып Қызыләуіт ауылынан айналып өтіп, Кемердің бойындағы Ащыкөлге құяды. Үлкен, арынды өзен болмаса да өзекті су көзі екендігі анық.
Көкталдан ары қарай сәл жүргенде Бүгіл сайымен құлдыраңдай аққан Шабақты өзені көрінеді. Ол Ақтас тауының етегімен төмен қарай ағады. Бүгілден солға бұрылар тұстағы жол айрығынан аяулы Қараойыма қарай аяңдаймын. Маған бұл өңірдің әр тасы, әр бұтасы, ағашы қымбат. Таудың қақпасындай қойнын ашқан Дарбазаны қақ жарып ағып жатқан өзеннің оң жақ қапталында қара жол бар. Сол жермен ішке қарай ілгерілесем оң жағымнан Жеті сырық сайы кезігеді. Әкелерімізден естігенім, өткен ғасырдың отызыншы жылдары осы төңіректі мекендеп отырған бабаларымыздың киіз үйін ақ түтек боран құлатыпты. Сонда үлкендер жанталасып жүріп жеті сырықты тауып, бір-біріне қиыстырып, төбесін шалмалап, жан-жағына киіз жауып, етегін таспен бастырып, қыстап шығып, көктемнің көк өзегіне әрең жетіпті. Бұл маңның Жеті сырық сайы аталынуының сыры осында.
Ары қарай аяңдасам, сол жағымдағы қырдың бетінде адамзат баласының тұрағы болған үңгір кезігер еді. Алғашқы кезде тас жолды қырқалатып салған көрінеді. Одан қысты күндері техника жүре алмағандықтан, жол Шабақты өзенін ернеулете салыныпты. Ауылға бұрылар иін тұстағы Тоғыз құмалақ деп аталатын шоқының төсінде ата-бабаларымыздың бейіті жатыр. Шоқыға шығу үшін атамыз Байжан ұста тепкішекті жол салып, тасты қашаған. Биігінде тоғыз құмалақ тасы жатыр. Онда ата-бабаларымыз кеудесін тау самалына тосып, қазақтың ғажап ойыны тоғызқұмалақты ойнайтын көрінеді.
Бұл мекеннен сәл жүріп, оңға бұрылғанда Құндызай апамыздың құрметіне аталған Аққатын сайын көресіз. Ол кісінің көзін көргеніміз жоқ. Құндызай апамыз ерке өскен байдың қызы, әрі тәрбиелі, әрі ақылды кісі болған екен. Кейіннен әулеттің сыйлы бәйбішесіне айналған. Әжеміз отырған қоныс Алла тағаланың құдіреті ме, қаншама ақ түтек боран соқса да бұйығып, тыншып жататын көрінеді. Ол, сірә, ұлы анамыздың қасиеті шығар деп ойлаймыз.
Ауылға жеткен соң арғы жағында Теріс бастау сайы кезігеді. Ондағы бұлақтың суы шығысқа қарай ағып, үлкен Шабақтыға құйылады. Оның арғы жағында Әтірхан қажы ширек ғасыр бойы мәпелеп өсірген «Иран бағы» бар. Ол жерді қараойлықтар «Төсбұлақ» деп атайды. Төсбұлақтың суы қысы-жазы тау бөктерінен бұрқырай шығып, төменге қарай үзілмей ағып жатады. Төсбұлақ дейтіні бастауын Ақтау тауының биігінен алады. Атшаптырым аңғардың төменгі етегі «Қыз ойнақ» деп аталады. Ілгеріде сол төңіректің жастары мұнда кештен таң сәріге дейін алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнаған көрінеді.
Оң жағындағы қасқа жолмен жүре берсеңіз Күнгей тауын асып, арғы етектегі Қызыл жалау мекеніне жетесіз. Оның маңайында көктемде көркі көз тойдыратын Ұзынсай жатыр. Қызыл жалау өткен ғасырдың отызыншы жылдары ұйымдастырылған кеңшардың әкімшілік орны. Талай қырғынды көрген бұл мекен алпысыншы жылдары ақыры жойылып тынған. Кезінде бұл төңірек үйрек ұшып, қаз қонған, қия тастарында арқарлар жортқан жер болған екен. Суының молдығы соншалықты, Батпақ су аталыпты. Ауылымызға кіші және үлкен Шабақты мен сайлардан аққан бұлақтар жиылып, ағынды өзенге айналыпты. Бір бастауын Қошқарбай айырығынан алушы еді дейді білетіндер. Сол бала Шабақтының бойында тайға мініп, қой бағып өстік қой бір кездері.
Жонның етегіндегі сан сайлар мен бастауларда ата-бабаларымыздың ізі жатыр, әрине. Жер атауларын айтып тауыса алмаспын. Өсімдігінде есеп жоқ. Өзен жағалай, бұлақ сағалай шайыр отынан бастап жалбыз, алғы, киік оты, жуа, кәреней, тау қызғалдағы біздің ауылда өседі. Ана бір жылдары арқар, киік көп еді. Қолы бармағырлар қырып тауысты. Сонда да болса әр бұтаның түбінен кекілікті көріп, қуанып қаламын. Ия, менің Қараойыма еш жер жетпейді…
Нұрғалимен әңгіме-дүкен құрып отырып бір оқиға есіме түсті. Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Қараой ауылындағы құдам Тілес Тұрарұлының үйіне баратын болдым. Жасы мен құралпылас, ұзын бойлы, көзінің аласы мол жолсерік әңгімешіл болып шықты. Сол азамат осы Нұрғали Шүлембаев еді. Бүгілден бұрылар тұста Қаратау тауына іліксеңіз, Шабақты өзені сарқырап ағып жатады. Біраз жүрген соң өзеннің оң жағалауындағы қиябетке қараған ол мәшинесін тоқтатып, маған мынандай әңгіме айтты.
— Әнебір талдың түбінде үңгір бар. Осыдан 30 жыл бұрын әкем мен бауырларым шайыр жұлуға шықтық. Сонда әкеміз ең алдымен «Біссіміләсін» айтып, бәріміз үңгірге түстік. Оның тіке тереңдігі 3 метрдей екен. Сыртқа шыққан соң әкеміз бұл үңгір туралы білгенін айтты. Бірнеше жыл бұрын жаңадан үйленген жас жұбайлар мен достары ішімдік ішіп алып, бір-екеуі «қой-қойға» қарамай үңгірге түседі. Көп ұзамай жас жұбайлар жол апатына түсіп, қайтыс болады. Осы ауылдан қызық көріп үңгірге түскен біраз жігіттердің көп ұзамай науқасқа шалдыққанын білемін. Ілгеріде әкелеріміз «Бұл үңгірдің ішінде сандық болыпты» деп айтып отыратын. Құдайдың құдіреті, сол жолғы әрекетімізден кейін әкеміз де көп жасамады.
Өткен жылы Қараойдан қайтып келе жатқан бетімізде Нұрғали Шүленбаев екеуміз арнайы барып үңгірді көрдік. Маған қарағанда ептілеу Нұрғали оның ішіне түсті. Мен батпадым.
Байқағаным – үңгірдің көлемі Қызыләуіт ауылы аймағындағы Тәңірқазған мен Бөріқазғандағы үңгірлерден аумайды. Нұрғалидың пайымдауынша, бұл үңгірлерді темір қашаулармен қазбағаны анық. Бәлкім, темірден кем түспейтін тас қайрақ қолданылған болуы керек, – деп топшылайды ол.
Тарихи деректерге сүйенсек, осыдан 5-6 мың жыл бұрын адамзаттың алғашқы тұрақтары үңгірлер болған. Қараойдағы бұл үңгір де есте жоқ ескі заманның жәдігері екендігіне еш дауымыз жоқ.
Сол сапар барысында Қараой ауылының маңайынан табылған балбал тастар туралы да сөз қозғадық. Бүгіндері еліміздің мұражайларынан балбал тастарды көптеп кездестіруге болады. Сондай тастың бірін Қараой ауылының тумасы Дүйсембай Наймантайұлы Жұмабеков Қаратау қаласындағы тарихи-өлкетану мұражайына әкеліп өткізіпті. Өткен күзде белгілі ғалым, археолог Мадияр Елеуов Тамды қалашығының орнын қазу кезінде балбал тасты тапқандығын айтты. Өкінішке қарай, балбал тас бүтін болмай шықты. Оның шахристанның шеберханасынан табылуына қарағанда бітпей қалған мүсін болуы да мүмкін. Тағы бірде қаратаулық бір азамат Көктал ауылының маңындағы Үшбұлақтан балбал тасты тауып алғанын айтып еді. Тарихын тасқа қашап, жазған ата-бабамыздың таңбалары әлі де болса тиянақты зерттеуді қажет етеді.
Осы мақалада әңгіме болғандай, өлкеміздің әрбір қойнауы, тауы, тасы, өзені, көлі, сайын даласы тарихқа тұнып тұр. Өкінішке қарай, бүгінгі жас ұрпақ өзінің өлкесінің тарихын Нұрғалидай біле бермейді. Тіпті, кейбір жерлердің атаулары ұмытыла бастаған. Біле-білгенге жердің аты – ата-бабаларымыздың бізге жазып кеткен хаты.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ