2018 жылғы 19 сәуірде Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып, мақұлданды.
Заң жобасы 2016 жылы Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдардың, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен арнайы Жер реформасы бойынша комиссияның жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген.
Заңда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жеке меншікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір нормалар жоқ.
Керісінше, бұл Заң ауыл шаруашылығы жерлерін беруге енгізілген Мораторийдің шеңберін кеңейту қарастырылып отыр, онда 1% болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады.
Өзгерістер мен толықтырулар қоғамдық кеңес отырыстарында, басқа да қоғамдық алаңдарда жұртшылықпен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілермен кеңінен талқыланған.
Заңның негізгі нормалары:
Біріншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі бөлек тәртібі қарастырылып отыр. Яғни, Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері деген жаңа баппен толықтырылды.
Жер беру тәртібінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету және жемқорлықты болдырмау үшін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесін бекіту, оны міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісу, жер комиссиясының құрамына 50 %-ы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін енгізу қарастырылған.
Сонымен бірге, конкурстың жариялылығы мен оған барлық қатысушылардың тең қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жаңа тәртіп бойынша конкурс өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында орналастырылатын болады.
Конкурсқа қатысушы
1) бизнес-жоспар (инвестициялардың болжамды көлемі, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңдары, ауыл шаруашылығы жануарларының мал басы, қолданылатын агротехнологиялар, ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтың, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы, ашылатын жұмыс орындарының саны);
2) шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелер;
3) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидаларын қоса алғанда, Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын орындау, өңірдің мамандануына сәйкес ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, ғылыми негізделген агротехнологияларды, фитосанитариялық және карантиндік талаптарды сақтау жөніндегі міндеттемелер ұсынуы тиіс. Бұл талаптарға сәйкес келмейтін жағдайда өтінім кері қайтарылуға жатады.
Конкурсты жер комиссиясы өткізеді, жеңімпазды балл беру арқылы айқындайды.
Жеңімпаздың жерді пайдалану жөніндегі қабылдаған міндеттемелерді орындауына:
1) жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын;
2) келесі кезеңдерде: суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарында – әр үш жыл сайын, суарылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарында әр бес жыл сайын мониторинг жүргізіледі.
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі бастапқы анықталған кезден бастап қатарынан екі жыл бойы мақсаты бойынша пайдаланылмаған жағдайларда, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң мәжбүрлеп алып қоюға жатады. (бұрынғы редакция бойынша — бес жылдық кезеңде жалпы алғанда екі жыл мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда)
Екіншіден, ауыл шаруашылығы жерлерін үлкен көлемде «бір қолға» берілуін болдырмау мақсатында, әр облыстың әкімшілік аудандары шегінде ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген.
Бір қолға берілетін жерлердің мөлшері маслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкіметпен бекітілетін болады. .
Бұл шектік мөлшерін айқындау үшін тиісті Есептеу әдістемесі әзірленді.
Үшіншіден, мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге берілмейді, тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.
Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, Қазақстан Республикасының шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға немесе құрамында шетелдіктер бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Бұл аумақта орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға берілетін болады.
Төртіншіден, жергілікті тұрғындардың жеке аула малының саны жыл сайын өсуіне байланысты Заң жобасымен жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында елді мекендер айналасында жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделген.
Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынады.
Сонымен бірге, елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, әкімдіктерге ол жерлерді қайтару үшін халықтың жайылым жерлерге мұқтаждығын мемлекеттік қажеттілікке жатқызу қарастырылып отыр.
Бердібек Молдабай,
облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасраы