ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында тиімді, әділ, ашық, қоғамның сұраныстарына жедел ден қоятын, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша жұмыс істейтін мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндеті қойылған.

Қоғам мен мемлекет арасындағы өзара қарым-қатынас көпшілік жағдайларда мемлекеттік қызметтерді тұтыну барысында орын алады.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің қоғам өмірінің барлық салаларын  қамтитыны белгілі, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызметтерді алу барысында мемлекетпен тығыз байланыста болады.

Осы ретте, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын қадағалау,  қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттерімен жүзеге асырылады.

Өз кезегінде, Агенттіктің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыс көлемінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау, халыққа сапалы қызмет көрсету, оған қолайлы жағдайлар жасау және қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру және қызмет алушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағыттарында жүйелі жұмыстарды атқаруда.

Атап айтқанда, 2023 жылы Департаментпен 6 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Мәселен, Департаментпен Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны А.Оспаналиева  Қайыңды ауылдық округі әкімі аппаратымен «Елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тартылғандығы туралы шағымы қаралды.

Департамент тарапынан жүргізілген жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде шағым иесінің уәждері өз дәлелін тапты.

Нәтижесінде, ауылдық округтің әкіміне қатысты мемлекеттік қызмет көрсету барысында рұқсат беруден негізсіз бас тартқаны үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 465-бабы, 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынып, қызмет көрсетудің оң нәтижесі берілді.

Ең бастысы, қызмет алушының өтінімі қанағаттандырылып, оған  мемлекеттік қызмет толығымен көрсетілді.

Бұдан бөлек, Департаментке Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасымен «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» қызметін көрсетудің заңнамада белгіленген мерзімінің бұзылғандығы жөнінде «МТС Орынбек» ЖШС-тің шағымы келіп түсті.

Онда аталған ЖШС-нің 3 өтініміне мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін кешіктіре отырып жауап берілгендігі және қайта жолдаған 2 өтінімі кешіктіріліп тіркеуге алынғандығы көрсетілген.

Департаментпен жолданым негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, енгізілген нұсқамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан «МТС Орынбек» ЖШС-нің өтінімдері бойынша толықтай мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инвестициялық субсидиялау туралы  келісім-шарт жасалды.

Келесі жағдайда, Жуалы ауданының тұрғыны Г.Мусаханова «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік қызметін көрсетуден негізсіз бас тартылғандығына шағымданды.

Департаментпен аталған жәйт бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тұрғын-үй комиссиясы тарапынан негізсіз шешім қабылданғандығы анықталды. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша Департамент тарапынан тиісті нұсқама енгізудің нәтижесінде  мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жекешелендіру туралы оң шешім қабылданып, қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Осы орайда, Мемлекет тарапынан азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мен сеніміне ерекше басымдық берілгенін атап өткен жөн.

Жоғарыда аталғандарға сүйене отырып, Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді сақтау жолында, өңір тұрғындарының  сапалы мемлекеттік қызмет алуы Департамент қызметінің басымдықтарының бірі болып табылады.

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті

Comments (0)
Add Comment