«Желілік» бизнеске салықтық тіркеу үшін 10 күн берілді

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Алматы қаласының Медеу ауданындағы Мемлекеттік кірістер басқармасы желілік бизнес арқылы тауар сататын тұлғалармен жұмыс істеуде.

Басқарманың айтуынша, желілік бизнестің жыл сайынғы әлемдік айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан асады. Қазақстандық нарықта да көптеген шетелдік компаниялар қандай да бір тауарды желілік бизнестің көмегімен сатады және салық төлемейді. Сонымен қатар, өнімнің сертификатталуы — бөлек әңгіме.

«Әлеуметтік желілердің арқасында мұндай адамдарды анықтау оңай. Желілік компаниялардың барлық қызметі, оған тартылған адамдардың аты-жөні, семинарлар өтетін орындар, табыс табатын көшбасшылар туралы барлық ақпарат әлеуметтік желілерде бар», — деп атап өтті МКБ.

Басқарма мониторинг тобының әлеуметтік желілерде жарияланған барлық деректі талдап,  тиісті салықты төлегенін тексеру үшін салық базасындағы мәліметтермен салыстыратынын жеткізді. Әрі қарай салықтарды өндіру шаралары жүргізіледі.

Мәселен, «ACCELER8» және «ELEV8» өнімдерін сататын BEPIC шетелдік компаниясы мен оның өкілдері тапқан табыстарынан салық төлемейді. Оның көшбасшылары айынан 4 мыңнан 40 мың долларға дейін табыс табатындарын әлеуметтік желіде жариялайды.

«Он күн ішінде құқықбұзушылықтарды өздігімен шешпеген жағдайда аталған компания өкілдеріне қатысты салықтық тексерулер жүргізіледі», — деп ескертті салық органы.

Салық органында тіркелместен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті жүзеге асырғаны үшін жеке тұлғаларға — 15 АЕК, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 25 АЕК көлемінде  айыппұл, әкімшілік құқықбұзушылық жасалған құралдар мен мүлікті тәркілеу түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

«Желілік бизнестің өкілдерінен тұтыну тауарларын сатып алғанда сатушыдан мемлекеттік тіркеу мен жеке кәсіпкерлік туралы ақпаратты және кассалық чекті талап ету керек. Осылайша қарапайым халық оқыс жағдайлардан өзін-өзі қорғай алады», — деп атап өтті Мемлекеттік кірістер басқармасы.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment