Бүгін желіде Түркістан облысы Келес ауданындағы балабақшалардың бірінде түсірілген видео тараған еді. Кадрда тәрбиешінің немесе оның көмекшісінің жас балаға дөрекі әрекет жасаған сәті түсірілген. Бір фрагментте әйел нәрестені ұрып, артқа қарай құлатады, екінші кадрда баланы ұрады.
Полиция Түркістан облысы Келес ауданының тұрғынының арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады. Баланың анасы балабақша тәрбиешісі екі жасар ұлын ұрғанын айтты.
«Аталмыш факті ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігімен «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның бейнежазбасы заттай айғақ ретінде алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлады аудандық полициядан.
Ресми мәлімет бойынша, бұл факті бойынша тергеу Түркістан облысы ІІД басшылығының жеке бақылауында.