Елімізде бастау алған «Бір ел – бір кітап» акциясы көпшіліктің руханиятқа деген қызығушылығын оятып, әдебиет әлеміне жетелей түсетіні сөзсіз. Биылғы жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» және Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты кітаптары оқуға таңдалған болатын. Осы орайда аталған акция аясында Жамбыл облыстық зағип және көзі нашар көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен «Ұлт руханиятының үш діңгегі» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Шара барысында кітапханашылар Қарлығаш Битөреева мен Мая Әзімқұлова аталған қаламгерлердің өмір жолына тоқталып, кітаптардың қазақ әдебиеті үшін маңыздылығын айтты. Сонымен қатар үш қаламгердің шығармаларындағы стильдік ерекшеліктер де сараланды. Бұдан кейін аталған кітапхананың Сағымкүл Шадырқұлова, Балташ Есепбаев сынды тұрақты оқырмандары Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», «Анадан алғаш туғанда» әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің көңілін тербетті.
Сондай-ақ Әнуарбек Өтелов, Ербол Бегімов, Пірмат Махмұт Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерін тыңдармандарға тарту етті. Өз кезегінде Тараз қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №29 орта мектептің оқушысы Мейіржан Қуанышбаев пен №1 мектеп-гимназияның оқушысы Жалғас Мықтыбек Шәкәрім шығармаларымен қатар, Абай және Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жатқа оқып берді. Айта кетерлігі, әдебиетсүйер қауымға шара барысында бірқатар көркем шығармалар жинағы тегін таратылды.
Ұлт руханиятын дәріптеуге, қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Жиын соңында аталған кітапхананың әдіскері Фарида Метерқұлова сөз алып, кеш қонақтары мен кітапхананың тұрақты оқырмандарына алғыс білдірді.