ЖАЙЫЛМА АУЫЛЫНДА АСАРЛАТЫП ҮЙ БЕРІЛДІ

Жақсы қасиет пен бауырмал болуға тәрбиелейтін дәстүрлердің түрі өте көп. Солардың бірі – асар жасау.
«Асарлатып үй салу» жобасы қазақ топырағында қалыптасқан сол игі дәстүрдің жалғасы.
Бүгін Жайылма ауылында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, 7 баланың анасы Күләш Кетпенбаева баспаналы болды.
Қуанышты бөлісуге аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Асанбай Сейналиев қатысып, ауыл тұрғындарын игілікті шарамен құттықтады.
— Бүгін өздеріңіз куә болып отырғандай, «Асарталып үй салу» жобасы аясында тағы бір тұрғын үйдің кілтін табыстағалы отырмыз. Бұл тек мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, елдің бірлігі мен ынтымағының, татулығының көрінісі. Бірлік бар жерде тірлік бар деген. Бүгін осында тұрған ауыл қариялары, ел ағалары, ауыл жастары осы тірліктің басы-қасында болды, — деген аудан басшысы М. Сұлтанғалиев осынау игі істі абыроймен атқаруға ат салысқан барлық азаматтарға алғысын айтты.
Еңбек ардагері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Қажыкенов Тобағабыл қария осындай елді ұйымшылдыққа, ауызбіршілікке, бауырмалдыққа, қайырымдылыққа бастайтын, елді ізгілікке жетелейтін игілікті істі қолға алып, іске асыруға бастамашыл болып жатқан аудан басшыларына ауыл тұрғындарының атынан ризашылығын білдірді.
Асарлатқан ағайынның бұл ісі ауылдастардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ынтымақтаса жұмыс жасай білетіндігін көрсетті.
Жаңа үйдің лентасын аудан әкімі М. Сұлтанғалиев, аудандық мәслихат хатшысы А. Сейналиев және еңбек ардагері Т. Қажыкенов салтанатты жағдайда қиды.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments (0)
Add Comment