«Жайдарлы жаздан, естен кетпес естелік»

Жыл бойы уақытының көбін мектепте өткізетін оқушылар жазғы демалыс күндерін асыға күтетіні белгілі. Сондықтан оқушылар үшін ең қызықты мезгіл – жаз маусымы. Осы орайда жазғы сауықтыру лагерьлері балаларға есіктерін айқара ашып, оларға жақсы көңіл күй сыйлау үшін жұмыс істеуде.
Соның бірі – «Берікқара» жазғы-сауықтыру лагері ала жаздай балалардың шаттығына бөленеді.
Аталмыш лагерьге бүгін қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы келіп, демалушылардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ, қала әкімдігінің арнайы ұйымдастырған «Жайдарлы жаздан, естен кетпес естелік» атты іс-шарасына қатысты.
– Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, асыға күткен жайдары жаз мезгілі де келіп жетті. Жадыраған жазғы демалыс – барлық балалардың сағына күтетін сәті. Жазғы демалыстарыңыздың әрбір күнінің естен кетпестей қызықты сәттерге толы болуына тілектеспін. Тынығу лагерінде жаңа достар тауып, қызықты өткізіңіздер! – деді шаһар басшысы.
Шара аясында спорттық ойындар, ойын-сауық, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, кітап және сурет көрмелері секілді балалардың жас ерекшеліктерін қамтитын түрлі бағыттағы шаралар өткізілді. Атап айтқанда балақайлар асық ату, дартс, стол тенисі, арқан тартыс, доп ойыны, ұзындыққа секіру, қол күрес,шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтады. Түрлі тақырыптарда интелектуалық ойындар, қызықты викториналар өткізіліп, қуыршақтардың кейпіндегі персонаждар демалушы балалардың көңілін көтеріп, ойындар ойнатты. Ал демалыс орталығының келесі бір бөлігінде балалар берілген тақырыптарда сурет салып, арнайы көрмелерді тамашалады.
Шара соңы тараздық өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетер жайт, биыл Тараз бойынша қала сыртындағы лагерьлерде –3 600, мектеп жанындағы лагерьлерде 13 410 баланы демалдыру жоспарланып отыр. Ал, «Берікқара» лагерінде тараздық балақайлар 5 кезеңде демалып қайтпақ.
Бүгінгі күнде бірінші кезеңге 451 бала демалуға жіберілген. Сонымен қатар, 313 бала Жамбыл ауданындағы «Рауан» сауықтыру лагерінде демалуда.

Тараз Қаласының Әкімдігі 

Comments (0)
Add Comment