«Жасыл Тау Меркі» акциясы – еріктілердің ерен ісі

Меркі ауданының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тау аумағында «Жасыл тау Меркі» тазалық акциясы өтті. Экологиялық акцияны аудан әкімі Мейірхан Өмірбек бастап, оған аудан әкімдігі, ауылдық округ аппараты қызметкерлері, этно-мәдени орталықтар мүшелері, ерікті азаматтар қатысты.

Еріктілер жылының 7 бағытына жоспарлы түрде өткен бұл акция «Таза әлем»  бағытын іске асыру бойынша атқарылды. Меркі ауданы еріктілердің атқарған жұмыстары бойынша 2019 жылы облыс көлемінде көзге түсіп үлгерген-ді. Міне, биылғы жылы да өз үлестерін қосып, белсене атсалысып келеді. Аудан әкімі акцияның ашылу салтанатында ерікті ол тек жас емес, кез-келген көмек қолын созуға, қайырымдылық жасауға, оңды іс атқаруға ниетті азамат екенін атап өтті.

Бұл акция «Алғыс күні» де іске асырылған  болатын. «Қамқор» бағыты бойынша аудан жастары 8 отбасына азық- түлік, 4 отбасына сыртқы тазалық жұмыстарына көмек берілсе, екі жалғызбасты әжеге үйдің ішкі және сыртқы тазалық, жиын жұмыстары жасалып берілген-ді.

«Жасыл Тау Меркі» акциясы барысында «Жұлдыз»  балаларды сауықтыру лагеріне апаратын жол бойы мен «Меркі шипажайынан» үңгірге дейін жол бойы күл-қоқыстардан тазартылды. Жалпы акцияға 150-ге жуық ерікті, бірнеше техника тартылып, 25 тонна қоқыс шығарылды.

Аудан аумағында көктемгі тазалық, абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Еріктілер жылында ауданның барлық тұрғыны осы сынды іс-шараларға  жыл бойы белсенді араласады деген сенімдеміз.

Ляззат Серікбай,

Еркін Жасыбаев

Меркі ауданы

Comments (0)
Add Comment