«Жастарға жұмыс» жобасы: Жұмыспен қамту іс-шараларымен 100 мың жас қамтылады

«Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20 мыңға жуық жас қатысты. Бүкіл ел аумағында ұйымдастырылған жәрмеңкеде 3,5 мыңнан астам жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы, биыл 100 мыңға жуық жас жұмыспен қамту іс-шараларына тартылады. Бұл туралы бүгін елордадағы «Жастар» сарайында өткен жәрмеңке барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек айтты.

Бүгін Астанадағы «Жастар» сарайында ауқымды бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Жәрмеңкеге мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар арасынан 50-ден астам жұмыс беруші қатысты.

«AMANAT» Хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты міндеттердің бірі – жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау.

«Қазақстандық жас ұрпақ еңбек нарығына тиімді кірігіп, елдің дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Ол үшін партия бүкіл еліміз бойынша ірі жұмыс беруші компаниялардың қатысуымен ауқымды бос жұмыс орны жәрмеңкелерін өткізеді. Биыл «AMANAT» 300 мың жасты, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды жұмыспен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ететін орталықтар құрады. Бұдан басқа, конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдетілген несие беріледі. Осы жылы ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындарда 1 мың жас үшін одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндігімен тағылымдамалар ұйымдастырылады. Осылайша, партия жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін жүйелі түрде шешеді. Жалпы, сайлауалды бағдарламада 2027 жылға дейін 1,5 млн жасты жұмыспен қамту көзделген», – деді ол.

 

Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазақстандық жастар баспана алу мен емделуден бастап, бизнес ашуға және жұмысқа орналасуға дейінгі барлық мәселе бойынша қажетті кеңестер алады. Жәрмеңкелерге жұмыс берушілердің өздерінен басқа Халықты жұмыспен қамту орталықтарының, «Отбасы банкі» АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, медициналық сақтандыру қорының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейдегі банктердің мамандары қатысып жатыр.

Бүгін дәл осындай жәрмеңке Қарағанды қаласында да өтіп, оған 300-ден астам жас қатысты. «Жастар Рухы» ЖҚ-ның төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, жоба жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін, әсіресе NEET санатындағы азаматтардың санын азайтуға бағытталған.

«Адал еңбек етіп, табыс табатын, қоғам дамуына үлес қосатын әр адам – құрметке лайық. «Жастарға жұмыс» жобасы халықты бос жұмыс орындары туралы ақпаратпен қамтуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта белсенділерімізден, мемлекеттік органдар мен жеке сектор өкілдерінен құралған мобильдік топтар барша отандасымыз кеңес ала алуы үшін ірі қалаларды ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерді, моноқалаларды да аралайды. Ең бастысы, бұл іс-шара ақысыз әрі тұрақты түрде өткізіледі», – деді ол.

Атырауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 1 мыңнан астам жас азамат келді. Олардың айтуынша, бір терезе қағидаты бойынша бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгімелесу – өте ыңғайлы.

 

«Жоғары оқу орындарының түлектері бос жұмыс орындары үшін талас-тартысқа түседі. Сондықтан, бос жұмыс орындары туралы мәліметті басқалардан бұрын білу – аса маңызды. Сонымен қатар, интернеттегі немесе еңбек биржасындағы хабарландырулардан айырмашылығы, мұнда жұмыс берушімен бетпе-бет кездесіп, толғандырған сұрақты қоюға болады. Ал жүзбе-жүз әңгімелескен кезде міндетті түрде көп ақпарат аласыз», – деді Шыңғыс Тұрысбеков есімді студент.

Еске сала кетейік, бұған дейін «AMANAT» партиясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған «Жастарға жұмыс» жобасын жүзеге асыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген еді.

Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру, жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдікпен несие беру, тау-кен өнеркәсібінде жаңадан 2 мың жұмыс орнын ашу, жас мамандарды IT дағдыларына оқыту үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы да басқа игі бастамалар қарастырылған.

Фото: Әли Ғалым

Comments (0)
Add Comment