Жасөспірімді мас қылған жергілікті тұрғын жауапкершілікке тартылды

Жамбылдық азаматтың ақылға сыймайтын әрекеті кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Жергілікті тұрғын мейрамхананың қоймасында кәмелетке толмаған жасөспірімге алкогольдік ішімдік ішкізіп, нәтижесінде жеткіншек мас болып қалған. Осы дерек бойынша құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 131-бабымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Сот отырысында ер адам кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеті үшін қатты өкінетінін, алдағы уақытта қайталамайтынын айтып, өзіне жеңіл жаза қолдануды сұраған. Ал жәбірленушінің заңды өкілі – анасы құқықбұзушы олардың көршісі екенін, оны кешіргенін және оған жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Әйткенмен, прокурор ер адамды кінәлі деп танып, оған ҚР ӘҚБтК-нің 131-бабымен 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу туралы қорытынды берген. Іс-құжаттарына сай «жеңіл» дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны туралы медициналық куәландыру қорытындысындысы берілген.

Соттың қаулысымен құқықбұзушы ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 131-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 55 048 (елу бес мың қырық сегіз) теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салу түріндегі жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі

Comments (0)
Add Comment