ЖАС САЙЛАУШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ФОРУМЫ ӨТТІ

Жас сайлаушылардың саяси мәдениетін қалыптастыруға, сайлау процесінің маңызын түсіндіруге және жастардың қоғам өміріне белсене араласуына ықпал ететін маңызды алаңды қалыптастыру мақсатында түрлі шаралар атқарылып келеді. Жастарға еркін болудың маңыздылығын жеткізу, оларға жан — жақты қолдау көрсету арқылы саяси көзқарасты қалыптастыру — мемлекеттік жастар саясатының маңызды тетігі.
Осы орайда, бүгін Жаңатас көпсалалы колледжінде Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған Жас сайлаушылар клубының алғашқы форумы өтті.
Шараның ашылуында Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулетберді Шортанбаев алғысөз сөйлеп, сайлаушылардың саяси мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстар туралы атап өтті. Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Жанғозы Жаркенов құттықтау сөз сөйлеп, жастарды саяси науқандарға белсенді болуға шақырды. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Сайлау және жастар» тақырыбында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директорының міндетін атқарушы Жансая Қыстаубаева жастарға үндеу тастаса, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының консультанты Самат Тоқбанов жастардың партия жұмысына қатысуы — олардың азаматтық ұстанымының көрінісі туралы келелі ойын айтты. Сонымен қатар, «Жастардың мәслихат депутаттарындағы белсенді жұмысы – аймақтың саяси процесіндегі өркендеуі» жөнінде аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Балғабай тұщымды ойларымен бөліссе, Сарысу патриоттары» ЖҚБ төрағасы, «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ҚБ Сарысу ауданындағы өкілі Қуаныш Қияшов мүгедектігі бар жастардың саяси сахнадағы рөлі туралы мәселелерді қозғады.
Тақырыпқа тұздық ретінде «Жастардың мемлекеттік қызметке келуі- олардың инновациялық ойлау мен заманауи басқару мәдениетін қалыптастыруға бастайтын рөлі туралы» жас мемлекеттік қызметкер Асылхан Ұзақбай баяндап өтті.
Форум барысында сайлауға қатысудың маңыздылығын, әрбір дауыс – ел тағдырына қосылған үлес екенін айшықтайтын театрланған көрініс қойылып, М.Әуезов атындағы мектеп- гимназиясынан құралған «Кіші серілер» командасы сайлау туралы өткір әзілдерін ортаға салды. Аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық рухта әндерді шырқап, көпшілікті серпілтті.
Форумға арнайы келген Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Еркін Жапаров қорытынды сөз сөйлеп, жас сайлаушылардың қоғамдағы рөлі мен сайлау заңнамаларын сақтау, жастар арасында белсенділікті дамыту туралы мәселелерді жеткізді. Шара соңында Жас сайлаушылар клубының жұмысын жүйелі атқарғаны үшін бірқатар жастар Сарысу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Comments (0)
Add Comment