Жаңғырған үйлер көпшілікке қуаныш сыйлауда

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтуде. Брифингте шаһар басшысы қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу мәселесін тілге тиек етті.

– Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде 151 барак типтес үйлер болса, 1 287 екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның 563-і күрделі жөндеуден өтті, ал қалған 540 үй жөндеуді қажет етеді.

Ағымдағы жылы 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8  млрд теңгеге бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Ал биыл Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 15 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түсті. 2026 жылы Ы.Сүлейменов көшесі бойындағы 16 үйді жаңғырту жұмыстарын жоспарлап отырмыз, – дейді Б.Орынбеков.

Comments (0)
Add Comment