ЖАҢАТАСТА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін барынша шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басты назарында.
Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде облыста тұрғын үйлер салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Жаңатас қаласы да жыл санап қайта жанданып, тұрғындар саны артып келеді. Осы орайда, тұрғын үй кезегіне де сұраныстың артып отырғаны белгілі.
Бүгін Жаңатас қаласының тұрғындары тағы бір қуанышты сәттің, игілікті шараның куәсі болды.
Жаңатас қаласындағы 6 шағын аудандағы №11-ші, 34 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй қайта қалпына келтіріліп пайдалануға берілді.
Сарысу ауданына іссапармен келген Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пәтер кілтін табыстау салтанатына арнайы қатысты.
«Біз облыс тұрғындарының қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Мәселен, биыл облыс бойынша 750,0 мың шаршы метр тұрғын үй беруді көздеп отырмыз. Қазіргі таңда Жаңатас қаласының өзінде 1,7 мыңнан аса қала тұрғыны пәтер кезегінде тұр. Өткен жылы Жаңатаста 185 азамат баспаналы болса, биыл 3,2 млрд. теңгеге 278 пәтерді сатып алу жоспарланған. Бүгін 34 пәтердің кілтін ұзақ жылдар бойы кезекте тұрған тұрғындарға табыстамақпыз. Меншік иесі өз қаражатына жөндеген тұрғын үй 445,3 млн. теңгеге мемлекеттік қорға сатып алынды», — деген облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы қоныс той иелерін қуаныштарымен құттықтады.
Бұдан кейін сөз алған Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев қалада үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамтамасыз етуде тікелей қолдау білдіріп отырған облыс басшысына аудан тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, қуаныш иелерін жаңа қоныстарымен құттықтады.
Жаңа пәтерге ие болған азаматтарға пәтер кілттері салтанатты жағдайда табысталды.
Жаңа қонысқа ие болған тұрғындар қуаныштарын жасыра алмай, облыс, аудан басшыларына алғыстарын білдірді.
Жаңа тұрғын үйдің лентасы салтанатты жағдайда кесілді.
Сарысу аудан әкімдігі
Comments (0)
Add Comment