ЖАҢАБАЕВТАР ОТБАСЫ БАС ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛДЫ

 

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық офисі және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған  сыбайлас жемқорлыққа қарсы Cтратегиясын басшылыққа ала отырып, парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелері арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық заманауи жетістіктерге лайықты, парасатты тұлғаны

анықтау мақсатында облыстық «Парасатты отбасы» байқауы өтті. Оған 10 аудан,  Тараз қаласынан бір отбасы,  жалпы 11 отбасы қатысып, өзара бақ сынасты.
Айтулы додаға Төребай Ақбозов атындағы орта мектебі информатика пәнінің мұғалімі, директордың ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары  Қуаныш Жаңабаевтың отбасы қатысты.
Халқымызда қара шаңырақ — бас үй, тағылым мен тәрбиенің төрі, шежіре мен тарихтың ұясы саналады.  Міне сондай  қара шаңырақтың  егесі – «абыз ата» атанған Көкөзек ауылының тұрғыны, 100 жастағы Жұмахан ата отбасымен (үлкен келіні  Алтынхан  Кегенбаева,  немересі Қуаныш Сәмбетұлы, немере келіні Мөлдір Жантелиева, шөберелері Ермек, Балауса, Мансұр, Айбар) қатысып, облыстық «Парасатты отбасы-2022» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Қазыналы қария Жұмахан атамызды, оның отбасын жеңісімен Суханбаев ауылдық округінің әкімі Абдулмұрат Мадибаев, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бейсенбек Өзенбаев, Ақжолтай  Әбдібеков, аудандық мәслихаттың депутаты, «Қаз Мұнай Газ»  ЖШС-інің  президенті  Асылбек Жантаев, ауыл имамы Бекжан Жұмағұлов құттықтап, сый-сияпаттарын табыс етті.  Сонымен қатар, Т.Ақбозов атындағы орта мектептің директоры Ақбота Көпбосынова дүбірлі сайыста топ жарып,  бас жүлдені қанжығасына байлаған  өнегелі отбасыға мектеп ұжымы және «Тағылым-тәрбие» орталығының көрсеткен қолдау, көмегін атап өтіп, ауданымыздың мәртебесін биіктеткен әулетке жақсылықтар тіледі.

 

Назира Жақсығұлова,
мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Comments (0)
Add Comment