Жамбылдық жастар археологиялық жәдігерлерді қалпына келтіру дағдыларын меңгерді

Тараз қаласында тарихи мұраларды сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған «Мұра: Волонтерлерді археологиялық жәдігерлерді реставрациялау ісіне үйрету» жобасы өз мәресіне жетті. Бағдарлама барысында қатысушылар археологиялық реставрация саласының негізгі әдістерін меңгеріп, тәжірибе жүзінде өз білімдерін шыңдады.

Тәжірибелік сабақтар кезінде волонтерлер археологиялық жәдігерлердің жетіспейтін бөліктерін қалпына келтіру тәсілдерін үйренді. Мамандардың жетекшілігімен қатысушылар арнайы қалып (форма) дайындап, қоспаларды дұрыс араластыру мен гипстеу жұмыстарын орындады. Бұл тәжірибе жастарға реставрация процесінің техникалық және нәзік қырларын түсінуге, дәлдік пен ұқыптылықты қажет ететін кәсіби машықтарды қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, зертханалық жұмыстар барысында волонтерлер мен мамандар археологиялық жәдігерлердің материалдық және химиялық құрамын талдау әдістерін меңгерді. Қатысушылар арнайы зертханалық құралдарды пайдаланып, жәдігерлер құрамындағы металл, керамика, тас және сүйек элементтерін анықтады. Алынған ғылыми деректер бұйымдардың шығу тегі мен жасалу технологиясын айқындауға, сондай-ақ реставрация процесін ғылыми тұрғыдан негіздеуге жол ашты.

Жобаның қатысушы студенттерімен өткен қорытынды кездесуде атқарылған жұмыстар сараланып, алғашқы нәтижелер мен жетістіктер талқыланды. Волонтерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу мен тәжірибе барысында кездескен қиындықтар мен жетістіктерді ортаға салды. Сонымен бірге келесі кезеңдерге арналған ұсыныстар мен жаңа идеялар жинақталды. Бұл кездесу жастардың кәсіби және тұлғалық дамуына оң әсер етіп, тарихи мұраны сақтау ісіне деген жауапкершілігін арттырды.

Жобаның қорытынды кезеңінде волонтерлердің еңбегі жоғары бағаланып, белсенді қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Қатысушылар археологиялық жәдігерлерді қалпына келтіру мен сақтау саласында тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін практикада қолдану мүмкіндігіне ие болды.

Мамандардың айтуынша, «Мұра» жобасы жастарды археология және реставрация саласына кәсіби тұрғыда баулуға, сондай-ақ елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау ісіне үлес қосуға бағытталған маңызды бастама болып табылады.

– Мұндай жобалар музей ісін жаңғырту мен қоғамды тарихи мұраның құндылығын түсінуге жетелейді. Волонтерлердің белсенділігі мен қызығушылығы – біздің мәдениетіміздің болашағына деген үлкен үміт. Әр жәдігер – өткеннің үнсіз куәсі, оны сақтау – біздің ортақ міндетіміз, – деді Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ілияс Сейітжан Рысбекұлы.

– Біздің мақсатымыз – жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттырып, оларды нақты іспен айналысуға үйрету. Себебі мәдени құндылықтарды сақтау – ұлттың болашағына деген қамқорлық, – дейді жоба үйлестірушісі Бибанұр Бақытжанова.

Comments (0)
Add Comment