Бүгінде еліміздің барлық өңірлері жұдырықтай жұмыла кіріскен Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Оның ішінде жамбылдық құрылысшылардың да белсенді еңбегін елеп айтуға болады. Облысқа тиесілі 3-сектордағы 25 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарының толығымен аяқталғаны соның айғағы. Пайдалануға берілген бұл үйлерге қайта қоныстанған арыстық тұрғындар әулиеаталықтарға дән риза.
Қазіргі таңда 3-сектор бөлінісі аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 442 құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 218 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда жеке тұрғын үйлермен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалды. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.