Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысында Тараз қаласында Жамбыл облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықтың және «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Кемелді келешекке – кемеңгер Елбасымен!» атты форумы өтті.
Аталған форумға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, облыстық «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек қатысты.
Сонымен қатар, форумға өңірдегі «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына жаңаша бағыт беріп, жасөспірімдерді патриоттыққа тәрбиелеп жүрген Талас, Жамбыл, Қордай, Шу, Байзақ, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу аудандарының тәлімгерлері, үйлестірушілері, ал Тараз қаласынан мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы, үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, Айші бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-интернаты, «Дарын» мектеп-интернаты, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатының тәлімгерлері мен үйлестірушілерімен қатар аудандар мен қаладан келген жасұландықтар да қатысты.
Бұдан кейін мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының барабаншылар тобы, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Ән 13» тобы, Қордай ауданының «Мұрагер» триосы, «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі өнер көрсетті. Форумға жалпы 550 адам қатысты.
Хамит ЕСАМАН
egemen.kz