Жамбылда 3185 адам емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланды

Жамбылда 3185 адам өзіне ұнаған емхананы таңдады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мавлюда Боқаева мәлімдеді.

«Алдағы уақытта емхана арқылы тіркеу тоқтатылады. Бұл шара жүйелі мәселелерді жойып, қызметін асыра пайдалану және фальсификация фактілерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұған алаңдаудың қажеті жоқ. Тіркелу үшін емханаға барып үйренген азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне жүгіне алады. Аталған орталықтардың Connection Point бөлімшелері арқылы емханаға тіркелуге болады. Сондай-ақ, «Egov.kz» электрондық порталының Telegram боты арқылы Смартфонның көмегімен бірер минутта тіркелуіне мүмкіндігі бар», — деді филиал директоры.

Егер азаматтар науқан кезінде емханасын ауыстырып үлгермесе, жылына бір рет еркін таңдау құқығын пайдаланып, емхана ауыстыруына мүмкіндігі бар. Облыста бұл мүмкіндікті биыл 3 185 адам пайдаланып, еркін таңдау жасаған. «Тұрғындар қоныс аударғанда, емхана жабылып қалса немесе МСҚ-мен келісімшартты бұзса, жақын маңнан жаңа емхана салынса, емхана қызметіне қатысты шығындарды жабатын ерікті медициналық сақтандыру келісімшартын бекіткен жағдайда басқа емханаға ауыса алады. Қазір өзіңізді ғана емес, балаларды да онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік туды. Жүйе барлық мәліметтерді қысқа мерзім ішінде, автоматты түрде шығарып береді. Бұл процесті барынша жеңілдетеді әрі артық құжат талап етпейді.

Биыл тіркеу науқанына облысымыздың 22 медициналық ұйымы қатысты, оның 6-ауы — жекеменшік. Облыста 3 113 тұрғын дәстүрлі түрде емханаға тікелей хабарласып тіркелсе, 72 адам «Еgov.kz» электронды порталы арқылы тіркелген», — дейді Мавлюда Бокаева. Айта кету керек, емхананы еркін таңдау құқығын пайдаланған 3185 азаматтың  11,1 пайызы — мемлекеттік емхананы, 88,9 пайызы — жекеменшік емхананы тандаған.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment