Жамбыл облысының полициясы алаяқтық бойынша кеңес беретін тәулік бойғы телефон желісін іске қосты

Енді тәуліктің кез келген уақытында тұрғындар полицияның «Киберпол» бөліміне 8 778 733 4403 нөмірі арқылы хабарласып, кеңес алып, қоңыраудың алаяқтарға қатысы бар-жоғын тексере алады. Егер ұялы телефонға қоңырау шалатын мүмкіндік болмаса жұмыс уақытында хабарласуға арналған 99-66-07 нөмірі де жұмыс жасайды.

Ешқайда барып, әуре болудың немесе арыз жазып, құжаттар өткізудің қажеті жоқ, барлығы жеңіл, қарапайым әрі түсінікті, тек күмәнданып тұрсаң болғаны — ешқандай әрекетке барма, алдымен тексеріп ал.

Алғашқы күдік туындаған жағдайда, мысалы, егер:
• «кепілдендірілген табыс» немесе жылдам инвестиция ұсынса;
* криптовалютаға, трейдингке, қандай да бір платформаға не стартапқа ақша салуға үгіттесе;
* «банк қызметкері» шотыңыз бұғатталатынын айтып қорқытып, SMS-кодты сұраса;
* өзін полиция не прокуратура қызметкері ретінде таныстырып, шешімді жедел қабылдауға қысым жасаса;
* танысыңыз аяқ астынан шұғыл ақша сұрап, бірақ хабарламалары күмән тудырса;
* сілтеме жіберіп, оның банкке немесе мемлекеттік органға тиесілі шынайы сайт екеніне күмәндансаңыз;
* қашықтан жұмыс ұсынғанымен, алдымен қолжетімділік үшін ақы төлеуді талап етсе бірден полицияға жүгініңіз.

Тіпті өз балаңыз қоңырау шалып, қиын жағдайға тап болғанын айтса да, асығыс шешім қабылдамаңыз — қызметкерлерге хабарласып, ақпараттың растығын тексертіп алыңыз. Ал шын мәнінде көмек қажет болса, жедел шаралар қабылданады.

Хабарламаларды «CyberShekteuTaraz» Telegram-боты арқылы да жолдауға болады.

Қазіргі уақытта шамамен 500-ге жуық хабарлама келіп түскен, олар бойынша бұғаттау шаралары жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, бүгінде алаяқтар барған сайын айлалы тәсілдер қолдануда: банктердің шынайы логотиптерін пайдаланады, сайттарды көшіріп жасайды және психологиялық қысым көрсетеді — асықтырады, қорқытады.

Тәжірибе көрсеткендей, зардап шеккендердің көпшілігі бастапқыда күмәнданғандарын мойындайды, алайда алаяқтар оларды сендіріп үлгерген. Енді бір ғана қоңырау немесе хабарлама арқылы қаражатыңызды, жүйкеңізді және уақытыңызды сақтап қалуға болады.

Comments (0)
Add Comment