ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 85 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ ҚҰЖАТТАР КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Биыл осынау қасиетті мекендегі Жамбыл облысы үшін ерекше жыл. Айтулы мереке. Киелі құт дарыған өлкенің облыс болып құрылғанына және киелі қара шаңырақ саналатын Жамбыл облысы мемлекеттік архивіне 85 жыл толып отыр.
Әр аймақ өзіндік қалыптасу, даму кезеңдері мен қарыштау сәттерін басынан өткізеді. Жамбыл облысы да бұл жолдан өтті. Онымен бірге уақыт тамыршысындай болып саналатын архив қоғаммен бірге дамыды.
Осыған орай, «Көне Тараз» тарихи этно-мәдени кешеніндегі Көркемсурет галереясында Жамбыл облысының тарихынан сыр шертетін фото-құжаттар көрмесі ұйымдастырылды.
Жамбыл облысының және оның архив қызметінің 85 жылдық тарихына арналған фото-құжаттар көрмесі өлке тарихын таныту, «Архив-2025» бағдарламасы аясында құжаттарды ізденушілерге қолжетімді ету үшін жасалды.
Көрмеге 70-ке жуық фото сурет, облыстың әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуына еңбегі сіңген архив қорындағы азаматтардың жеке тектік құжат көшірмелері қойылды.
Көрме бірнеше бөлімдерден тұрады. Мұнда облысты құру туралы жарлық пен Ұлы Отан соғысының басталуы, Жеңіс үшін көмек қолын созған жамбылдықтардың еңбегі, 1948 жылғы «Сталиндік жол» газетінің тігіндісінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың бірнеше мақалалары, Ұлы Отан соғысы жылдарында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп Социалистік Еңбек Ері атанғандар мен олардың арасындағы даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаев туралы фотосуреттер қамтылса, көрменің келесі бөлімінде – Жамбыл облысының 1967 жылы Ленин орденімен марапаттау сәтіндегі көрініс, химия саласының дамуы мен сол кездегі мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаевтың Жамбыл жеріне жасаған іссапарлары, Жамбыл қаласының құрылысы туралы қағида көшірмесі қойылған.
Іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Е.Нұрманұлы құттықтау сөзімен ашып, өңірлік архив саласының дамуы туралы видеоролик көрсетілді.
Облыс тарихынан сыр шертетін фотоқұжаттарды облыстық архивтің бөлім басшысы С.Зейнуллаұлы көпшілік көрермендерге таныстырды.
Жамбыл облысы әкімдігінің
мәдениет, архивтер және
құжаттама басқармасы.
Comments (0)
Add Comment