Жамбыл облысының әкімі балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болып, ондағы тәрбиеленушілерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Қазіргі таңда мұнда 85 бала тәрбиеленуде. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» жобасы аясында орталық тәрбиеленушілері облыстағы мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардың басшыларына бекітілген. Нұржан Нұржігітов 15 жасар Элонаны қамқорлығына алған.

Облыс әкімі балаларға жаңа жылдық сыйлықтар табыстап, келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

— Үлкендер Сіздер үшін әрбір мерекені ерекше етіп өткізуге, сіздерді қолдауға және ақыл-кеңесін айтуға әрқашан дайын. Сіздер ең бастысы – жақсы оқып, білім алыңыздар. Басқа мәселелерді шешу –  біздің міндетіміз. Еліміздің болашағы сіздердің білімді, тәрбиелі, елжанды болып қалыптасуларыңызға байланысты.

Жаңа жыл баршаңызға қуаныш, жылулық сыйласын. Сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Армандарыңыз орындалып, өмірлеріңіз сәттілікке толы болсын, – деді аймақ басшысы.

Бұл күн облыс әкімі ғана емес, басқа да балалардың қамқоршылары, оның ішінде облыстық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер де тәрбиеленушілерге өз сыйлықтарын табыс етті. Балалар оларға тілектерін алдын ала хатқа жазып, жолдаған болатын. Осылайша тәрбиеленушілер ұялы телефон, планшет, велосипед, фотоаппарат және басқа да сыйлықтарға ие болды.

Балалар аймақ басшысына оқудағы жетістіктері мен армандары туралы әңгімеледі.

Мерекенің салтанатты бөлімінен кейін орталықтың барлық тәрбиеленушілеріне арналып дастархан жайылды.

Comments (0)
Add Comment