Жамбыл облысындағы ветеринариялық мекемелерге жаңа қызметтік көліктер берілді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі ветеринариялық ұйымдарға автокөлік табыстау рәсіміне қатысты.

Бұл күні тиісті мекемелерге облыстық бюджет есебінен арнайы жабдықталған 10 УАЗ көлігі берілді.

Аймақ басшысы мұндай шаралар ветеринария саласының жұмысын жандандыруға оң ықпал ететінін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария саласын реформалауға, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындауға, ветеринария жүйесін цифрландыруға, мамандарды даярлауға, жалақыны арттыруға қатысты маңызды міндеттер жүктеген болатын.

Президент тапсырмасын орындау, қордаланған мәселелерді шешу бойынша түрлі шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда облыстың ветеринариялық ұйымдарын орталықтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аудандардағы ветеринариялық станциялары тек өздеріне тән функцияларды ғана атқаратын болады. Қосымша қаржылық-шаруашылық жүргізу жұмыстарын облыстық деңгейде құрылатын кәсіпорын орындайды. Үнемделген қаражат есебінен ауылдық жердегі мал дәрігерлерінің жалақылары шамамен екі есеге дейін артады деп көзделуде.

Ауылдардағы ветеринариялық қызмет көрсететін мал дәрігерлерінің жұмыс жағдайын және ветеринариялық станциялардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады,-деген Ербол Қарашөкеев облыстың ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты түрде бақылауда ұстайтындығын атап өтті.

Сондай-ақ, аймақ басшысы табысталған жаңа қызметтік көліктер кәсіпорындардың өздеріне жүктелген кәсіби міндеттерін орындауды біршама жеңілдететіне сенім білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі Жамбыл ауданындағы үй жануарларын уақытша ұстау пунктінің (питомник) ғимаратының жай-күйін көріп, жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы нысандағы жануарлардың тамақтану және күтіміне жіті көңіл бөлді.

Пунктегі жануарлар «Жануарларға жауапты қарау туралы» Заңына сәйкес қала және аудандарда ұйымдастырылған уақытша ұстау орындарына жеткізілген иесіз жануарлар арнайы тәртіппен асырап алуға ниетті тұрғындарға беріледі.

Айта кетейік, дәл мұндай нысан бүгінде Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Мойынқұм аудандарында бар десек, алдағы уақытта Тараз қаласы мен барлық аудандарда салынатын болады. Ол үшін арнайы орындар белгіленіп, жер телімдері анықталған.

Ербол Қарашөкеев ветеринариялық пункттерді талаптарға сай ғимараттармен, ветеринариялық-санитариялық нысандармен, емдеу алаңдарымен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық жабдықтау мәселелеріне айрықша назар аударылатындығын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде облыстағы қала және аудандық 11 ветеринариялық станцияның барлығы қызметтік ғимаратпен қамтылған.

Ауылдық округтердегі 160 ветеринариялық пункттің 139-ы қызметтік ғимаратта, 21 ветпункт жалдамалы нысандарда жұмыс атқаруда.

Барлық ветеринариялық станциялар мен пункттер жалпы саны 225 қызметтік арнайы автокөлікпен, биологиялық және патологиялық қалдықтарды жоюға арналған 15 стационарлы, 5 жылжымалы инсенератор пештерімен қамтылған.

 

 

Жамбыл облысы әкімдігі

Comments (0)
Add Comment