Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді жалғасуда. 2026 жылғы 19 қаңтарда Тараз қаласы «125 High School» мектебінде «Таза Тараз – таза қала» тақырыбында жастармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара барысында акцияның маңызы туралы айтылды.
«Таза Қазақстан» бастамасы – қоғамды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үндейтін маңызды жобалардың бірі. Бұл акция аясында тұрғындар табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бет бұрады. Шара халықты ортақ іске жұмылдырып, әрбір азаматты өз ауласы мен мекенінің тазалығына бейжай қарамауға шақырады. Осындай игі бастамалар экологиялық сананы нығайтып, келер ұрпаққа қолайлы әрі таза орта қалдыруға жол ашады. Жастар бұл акцияға биыл да белсенді түрде қатысып, қоршаған ортаны қорғау ісіне өз үлестерін қоса береді», – деді Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры А. Лесбек.
Осындай бағыттағы іс-шаралар облыс бойынша да өткізілді.
Атап айтқанда, Шу ауданының жастары «Таза орта – жарқын болашақтың кепілі» атты акция ұйымдастырса, Байзақ ауданында «Біздің өлке» атты экологиялық шара өтті. Талас ауданында«Жасыл ел – жастардың таңдауы» тақырыбында жастармен кездесу өтті.
Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар. Жыл басынан бері платформа арқылы 900 өтінім түскен. Телеграмм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға, көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды.
Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясына 127,2 мың адам және 3,4 мың кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Іс-шара аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіштер, 127,8 мың шаршы метр тұрғын үй аулалары, 3,1 шақырым көше жолдары, 858,8 шақырым арық жүйелері мен каналдар және 81,6 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 19,2 мың тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.