Ең мықты адам – рухты адам. Өйткені, ол өмір өзгерістерінен қашпайды, өткенге оралмайды. Болашаққа сеніммен қарайды, нық басады. Осындай рухты жандардың бірі – Рауан Рауылбеков. Бұл туралы Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлайды.
Оны жақсы білетіндер замандастарының арасында жастайынан алғырлығымен, зеректігімен ерекшеленген Рауанның болашағы зор екеніне шек келтірмейтін. Бірақ, оған өмір өз қиыншылығын дайындап отыр екен. Жалындаған жиырма жасында аяқ астынан тағдырдың тәлкегіне ұшырап, сал ауруына шалдығады. Омыртқасы зақымданып, екі аяғы істен шығады. Басқа біреу болса өмірден түңіліп кетер ме еді. Ал, рухы мықты Рауан біраз жыл төсекке таңылса да өмірге деген құштарлығын жоғалтпайды. Керісінше қоғамның толыққанды бір мүшесі болуға барын салады. Оңалтуға арналған жаттығу тренажерларының көмегімен ауруды жеңуге бел буады. Бірақ, 2000-шы жылдардың өзінде өңірде мұндай тренажерлар тапшы еді. Қалалық оңалту орталығынан жаттығу құралдарының сұлбасын алып, үй жағдайында темірден құрап, дәнекерлеп, қолдан жасайды. Қолынан шыққан дүниеге қызыға қарап тұрып тағдырдың жазуымен мүгедек атанып, бірі балдаққа, бірі қоларбаға, енді бірі төсекке таңылған науқас жандар үшін тренажерлар неге жасамасқа деген ойға келеді.
Бүгінде жеке кәсіпкер Рауан Рауылбековтың қолынан шыққан оңалту құралдары сұранысқа ие. Бағасы қалтаға ауыртпалық келтірмейтіндіктен Қазақстанның түкпір-түкпірінен тапсырыс беріп жатқандар аз емес.
Рауан онымен де шектелмеді. Өткен жылы Таразда бір ғимаратты жалға алып, онда өзі жасаған жаттығу құрылғыларын орнатты. Осылайша өмірге қайсарлықтың символы ретінде «Қайсар» атты клуб дүниеге келді. Өкінішке қарай, клуб жарты-ақ жыл жұмыс істеді. Себебі, тапқаны ғимаратты жалдау ақысы мен нұсқаушының жалақысынан артылмады. Дегенмен, бастаған игі ісін жарты жолдан тастап кетпеуге бел буып отыр.
«Жарты жылда облыс аудандарынан, тіпті, өзге қалалардан келген науқастардың тренажерға тік тұрып, жақсы нәтижеге жеткенін көргенде бұл жаттығу құрылғыларының талай мүгедектің отырып келген арбасын тастап, балдаққа сүйеніп қайтуына сеп боларына кәміл сендім және бұл істі тоқтатуға болмайтынын түсіндім», – дейді ол. Бірақ, құлшыныс мол, қол қысқа…
Осылайша, не істерін білмей жүргенде Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы жыл сайын әлеуметтік маңызы бар бизнес жобаларға гранттар бөлінетінін естиді. Палата мамандары кәсіпкерге «Тірек-қимыл қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған мүгедектерге арналған тренажерларды өндіру, сату және пайдалану» бағытындағы бизнес жобасын әзірлеуге көмектесіп, жобаны толықтай сүйемелдейді. Сөйтіп, 2017 жылы Рауанның жобасы әлеуметтік маңызы бар, қоғамға қажет деп танылып, үш миллион теңге көлемінде мемлекеттік грантқа ие болады.
Осы жай қанаттандырған Рауан «Қайсар» клубының жұмысын қайта жандандырып қана қоймай, Тараз қаласынан жер телімін сатып алып, онда мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, тренажерларда үздіксіз физикалық жүктемелер мен қалпына келтіру жаттығуларын жасау – сауығудың бірден бір жолы. Мысалы,тоғыз жасында улы кене шағып, он жыл арбаға таңылған Меруерт есімді қыздың бес айда аяғына тұруына осы оңалту құрылғылары сеп болған.
Сондықтан да құрылыс жұмыстарын көп ұзатпай бастау қажет-ақ. Бірақ, барлығы қаржы мен «қағазбастылыққа» келіп тіреледі. Кәсіпкер инженерлік-коммуникациялық желілерге қосылу, сондай-ақ, газбен, сумен, жылумен жабдықтау үшін техникалық шарттарды, ең бастысы, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы техникалық және сәулеттік келісімдер мен құжаттарды алу жолында әкімдік пен салалық басқармалардың табалдарығын тоздырып жүргеніне бір айдың көлемі болған. Жұмыс жүрмей жатыр.
Отандық бизнесмендердің әлеуметтік жауапкершілігі қазақстандық патриотизмнің нағыз көрінісі. Қалтаның емес, қарашаның қамын жоғары қойған Рауан Рауылбеков облыстағы барлық әріптес-кәсіпкерлерді оңалту орталығын салуға атсалысуға шақырады. «Әлеуметтік жобаға қаржылай ғана емес, құрылыс-монтаждау жұмыстарына және инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізу жұмыстарына жәрдемдесуге де болады. Бөлінген қаражаттың ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуына сенімді болуларыңыз үшін, компаниялар әріптестік қарым-қатынастағы құрылыс мекемелері арқылы қолдау білдіре алады», – дейді Рауан.
Бүгінгі таңда облысымызда тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 60 мыңға жуық. Осы мыңдаған бизнесмендердің арасынан игі іске қол ұшын созар жомарт жандар табылмауы мүмкін емес шығар!?
Өткен жылы Жамбыл облысында 44 мыңнан астам мүгедек (5,6 мыңы – балалар) тіркелген. Олардың ішінде 1713 адам ғана үкіметтік емес ұйымдар арқылы арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
PS Жеке кәсіпкер Рауан Рауылбековтың байланыс нөмірі: 8(707) 260 50 03
АВТОР Ақбота Батырбекова
Фото авторы