Жамбыл облысында креативті индустрияны дамытуға бағытталған маңызды қадам жасалды — Тараз қаласында өңірдегі алғашқы ауқымды шығармашылық алаң «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады.
«Қолөнершілер үйінің» лентасын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, «Алматы қолөнер палатасы» Қоғамдық қорының вице-президенті Дәмелі Жанашева және Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты бойынша вице-президенті, «Aspara Fashion Week» халықаралық сән апталығының президенті Айдархан Қалиев қиды.
Хабтың ашылуы — ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан креативті индустрияны қолдау саясатының нақты көрінісі.
«Қолөнершілер үйі» 190-ға жуық шеберді біріктіріп, олардың кәсібін дамытуға, өнімдерін нарыққа шығаруға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Аталған нысан – Жамбыл өңірінде креативті кәсіпкерлікті, ұлттық қолөнерді және жастар шығармашылығын қолдайтын жаңа орталық болмақ.
Бұл күндері Тараз қаласында креаторлар форумы ұйымдастырылды.
Екі күндік шара аясында креативті индустрия өкілдері мен сарапшылар өзара тәжірибе алмасып, саланың болашағына қатысты тың бастамаларды ортаға салды.
Еске сала кетейік, Тараз – 2022 жылдан бері Дүниежүзілік қолөнершілер қаласы мәртебесіне ие. Қала ЮНЕСКО-ның креативті қалалар тізіміне қолөнершілер бағыты бойынша ену жолында қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр.